Су тасқыны Жызақ облысының Бахмал, Фориш, Ғаллаарал және Ш.Рашидов аудандарында байқалған.
ERNUR.KZ. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Өзбекстанның Самарқанд және Жызақ облыстарының көп бөлігінде су тасқыны болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 19 сәуірде басталған нөсер жаңбырдан кейін 20 сәуірде Самарқанд және Жызақ облыстарының бірқатар аудандарында сел мен су тасқыны байқалды.
Атап айтқанда, су тасқыны Жызақ облысының Бахмал, Фориш, Ғаллаарал және Ш.Рашидов аудандарында байқалған. Алдын ала мәлімет бойынша, Фориш ауданындағы су тасқыны салдарынан 4 адам (1 ер, 3 әйел) қаза тапқан.
Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Самарқанд облысының Иштихон, Булунғыр және Үргут аудандарында су тасқыны болып, М-39 халықаралық тас жолының бөліктерін су басқаны айтылады хабарламада.
Қазіргі уақытта құтқарушылар төтенше жағдай салдарын жою шараларын қабылдауда.