Соңғы бір айда Пәкістанда толассыз жауған муссон жаңбырлары елге ауыр шығын әкелді.
Фото: media.az
ERNUR.KZ. Geo.tv хабарлауынша, табиғи апат салдарынан кемінде 279 адам қаза тауып, 700-ге жуық тұрғын түрлі жарақат алды, деп жазады inbusiness.kz.
Пәкістанның Төтенше жағдайлармен күрес ұлттық басқармасы (NDMA) таратқан мәліметке сәйкес, соңғы тәулікте жаңбыр салдарынан тағы сегіз адамның мерт болғаны тіркелген.
Ең көп зардап шеккен – Пенджаб провинциясы. Аймақта 151 адам қаза тапқаны ресми түрде расталды. Бұдан бөлек, 1500-ден астам үй бүлініп, тұрғындар баспанасыз қалды.
Қазіргі таңда құтқару және көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Алайда алдағы күндері жауын-шашын әлі де жалғасады деген болжамға байланысты, жергілікті билік халықты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, муссон жаңбырлары Оңтүстік Азияда жиі болатын табиғи құбылыс. Дегенмен, қалалардың қарқынды өсуі, инфрақұрылымның нашарлығы мен климаттың өзгеруінен туындаған ауа райының күрт құбылуы бұл құбылыстың салдарын жылдан-жылға ауырлатып отыр.