Елдердің жобадағы рөлдері келесідей болмақ: Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағын ұсынады, Ресей қажетті технологияларды береді, Түркия зымырандарды ұшыруды ұйымдастырады.
ERNUR.KZ. Түркия Ресей және Қазақстанмен бірге Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жобасына шақырылды, деп жазады sputniknews.kz.
"Түркияның ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Роскосмос" зымырандар ұсынуға дайын. Және оларды Түркия аумағынан ұшыру міндетті емес. Оның орнына үш елге ортақ жоба жасап, Байқоңыр инфрақұрылымын пайдалануға болар еді", - деп мәлімдеді "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин.
Оның айтуынша, мұндай серіктестіктің әлеуеті өте жоғары.
Қазірге дейін бірде бір Түркия азаматы ғарышқа ұшқан емес. 2005 жылы мемлекет Ұлттық ғарыш зерттеулері бағдарламасын қабылдады, соған сәйкес 2010 жылдан бастап түрік ғарышкерлерін дайындау қолға алынуы тиіс еді. Алғашқы ғарышкерді ұшыру 2014 жылға жоспарланған болатын.
Алайда Түркияда Ұлттық ғарыш агенттігі 2018 жылдың желтоқсанында бір-ақ құрылды.