ТикТок АҚШ-та жұмысын тоқтатты

0
371

Конгресс бекіткен тиісті заңды елдің Жоғарғы соты бір ауыздан конституцияға сай деп шешім шығарды.


ТикТок АҚШ-та жұмысын тоқтатты

ERNUR.KZ АҚШ билігі салған тыйымға байланысты TikTok АҚШ-та жұмысын тоқтатты, деп жазады Ulysmedia.kz.


Федералды тыйым күшіне енгенге дейін-ақ оның қызмет етуі АҚШ-та тоқтатыла бастаған. Себебі қолданбаны ашқан кезде пайдаланушыларға TikTok қолжетімді емес деген хабар келген, деп жазды Reuters.

«АҚШ TikTok-қа тыйым салатын заң қабылдады. Өкінішке қарай, бұл TikTok қолданбасын енді пайдалана алмайтыныңызды білдіреді. Біз президент Трамп қызметіне кіріскеннен кейін ТикТокты қалпына келтіру жолында бізбен бірге жұмыс істейтінін айтқаны үшін қуаныштымыз. Жаңартуларды күтіңіз», делінген қолданба хабарламасында.


Конгресс бекіткен тиісті заңды елдің Жоғарғы соты бір ауыздан конституцияға сай деп шешім шығарды. Яғни конгресмендер әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салу сөз бостандығын шектеу болып саналмайды деген ұйғарым жасап отыр. Жаңа заңға сай бүгін әлеуметтік желі АҚШ аумағында жұмысын тоқтатты.


Дәл қазір қосымшаны телефонға жүктеу мүмкін емес. Талап бойынша TikTok алты айдың ішінде негізгі иесі қытайлық компаниядан бөлініп шығып, америкалық компанияға сатылуы тиіс болған. Бірақ әлеуметтік желі иесі бұған келіспей жоғарғы сотқа шағым түсірген.

ТРАМПТЫҢ УӘДЕСІ

Қайта сайланған Дональд Трамп та TikTok-ты жабуға қарсылық білдіріп, Жоғарғы сотқа өтініш айтқан еді. Алайда онысы қолдау таппады. Енді, заң бойынша президенттің әлеуметтік желі иесіне тағы үш ай уақыт беруге құқы бар. Дональд Трамп лауазымына кіріскен күні арнайы қаулы шығаруы мүмкін дейді сарапшылар. Олай болмаған жағдайда 170 миллион америкалық қолданып отырған әлеуметтік желі жұмысын толық тоқтады. Трамп бұл мәселені Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп талқылағанын да мәлімдеді.