ERNUR.KZ. АҚШ Президенті Дональд Трамп жақын арада NASA-ны басқаруға жаңа кандидатура ұсынатынын мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.
“ Мен Джаред Айзекманның NASA басшысы қызметіне кандидатурасын қайтарып аламын. Жақын уақытта мен ғарыш саласында Американы қайтадан алдыңғы қатарға шығаратын жаңа үміткерді жариялаймын, – деп жазды АҚШ басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде.
Электронды сауда саласындағы Shift4 Payments компаниясының негізін қалаушы және бас директоры, сондай-ақ SpaceX жобаларында Илон Масктың әріптесі Айзекман өзінің кандидатурасының кері қайтарылуына қатысты X (бұрынғы Twitter) желісінде пікір білдірді:
“ Мен президент Трампқа және Сенатқа шынайы алғысымды білдіремін. Президент, NASA және Америка халқы өз миссиясына адал, жаңғыртуға, реформаларға қабілетті және ең үздік ақыл-ойларды біріктіре алатын лайықты басшыға ие болуы керек. NASA осы биік мақсаттар үшін құрылған еді , – деп жазды ол.
Айта кету керек, Айзекман бұған дейін ғарышқа екі мәрте ұшқан. Бұл коммерциялық миссияларды өзі қаржыландырған болатын.
Былтыр желтоқсан айында Трамп мемлекеттік қызмет тәжірибесі жоқ Айзекманды NASA басшысы қызметіне үміткер ретінде ұсынған. Сол кезде Трамп: "Джаред NASA-ның жаңа жаңалықтар ашу және адамдарға шабыт беру жолындағы миссиясын жалғастырады" деген еді.