Оның қылмыстық іске қатысы зерттеліп жатыр.
Фото: @halitergencfanclub
ERNUR.KZ. Қазақстанда «Сүлеймен сұлтан», «Мың бір түн» телехикаялары арқылы танымал болған атақты түрік актеры Халит Эргенчтің басы дауға қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бірнеше аптадан бері актерға қатысты шу түрік ақпарат құралдарынан түспей тұр.
Zamin.uz-дің жазуынша, көптеген әртістің менеджері болып жұмыс істеген Айше Барымның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Халит Эргенчті тергеуге шақырған. Айше Барымға 12 жыл бұрын болған төңкерісті жасауға көмектескен, арандатқан және үкіметке қарсы наразылыққа қатысқан деген айыптар тағылып отыр. Сонымен қатар, ол түрік киноиндустриясын біртұтас монополияға айналдыруға және оппозициялық идеялары бар актерлер мен актрисаларды айналасына топтастыруға тырысты деген күдікке ілінген. Осыған байланысты түрік Бас прокуратурасы Айше Барыммен бірге істеген әртістерді жауапқа шақырды. Халит Эргенч алғашында тек куәгер ретінде тергеуге шақырылған. Сол кезде актер Айше Барымның өте жақсы адам екенін және соттың оған жалған айып тағып отырғанын айтқан. Алайда прокуратура үкіметке қарсы наразылықтар кезінде Халит Эргенч пен Айше Барымның тығыз байланыста болғанын айтып, «актер жалған куәлік берді» деп кінәлады. Енді Халит Эргенч өз басын қорғап шыға алмаса, қылмыстық жауапкершілік арқалауы мүмкін.
Айта кетсек, Айше Барым биыл 27 қаңтарда 2013 жылы Ыстамбұлдың Гези саябағында «билікті құлату үшін наразылықтар ұйымдастырды» деген айыппен қамауға алынды.