Атап айтқанда, танкерлер мен олардың иелері Украина санкцияларына ілікпеуі, Ресей азаматтарына немесе компанияларына тиесілі болмауы, сондай-ақ Ресей мұнайын немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдамауы керек.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Украина Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына енді соққы жасамауға уәде берді. Бұл шешім АҚШ-пен келіссөздерден кейін қабылданған, деп жазады Stan.kz.
Агенттік дереккөздерінің хабарлауынша, Киев Ресейге қатысы жоқ азаматтық кемелерге де Қара теңізде шабуыл жасамауға уәде берген. Ол үшін бірнеше шарт сақталуы тиіс. Атап айтқанда, танкерлер мен олардың иелері Украина санкцияларына ілікпеуі, Ресей азаматтарына немесе компанияларына тиесілі болмауы, сондай-ақ Ресей мұнайын немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдамауы керек.
Коммерциялық тасымалдаушылар үшін Украина тарапы арнайы байланыс арналары мен нұсқаулықтар әзірлеген.
Келіссөздер шілдеде Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалына дрондармен жасалған бірнеше шабуылдан кейін өтті. Сол кезде Қазақстан мұнайын тиеп жатқан бірнеше танкер зақымданып, өрт шыққан. Шикізат тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Бұл мұнай экспортының іркілуіне және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуіне әкелді.
Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумы мұнай экспортындағы негізгі бағыт болып қала береді. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан өндірілетін мұнайдың басым бөлігі КҚК жүйесі арқылы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіледі.


