Индонезияның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 50 жастан асқан адамдардың шамамен 20%-ы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдаған.
Фото: reuters.com
ERNUR.KZ. Индонезияның Батыс Ява провинциясындағы Чианджур қаласының билігі вакцина ектірген егде жастағы тұрғындарға сыйлық беру бағдарламасын іске қосты, деп жазады Inbusiness.kz.
Қазір бұл шаһарда COVID-19 дертіне қарсы екпе қабылдағандарға тауық үлестіріліп жатыр. Жергілікті билік халықтың вакцинацияға деген ынтасын арттыру үшін осындай шешім қабылдаған.
Априа Галих есімді полицейдің айтуынша, әлеуметтік желіде вакцина туралы жарияланған қауесеттерді естіген егде жастағы тұрғындар вакцина салдырудан әлі де тартынуда. Тіпті кейбір азаматтар вакцинаның коронавирустан құтқармайтынына, керісінше, оның ауруға шалдықтыратынына не өлімге әкелетініне сенімді. Осы орайда полиция округ үкіметімен және жергілікті медициналық орталықтармен бірлесе ынталандыру бағдарламасын іске асыруды үйғарған.
Индонезияның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 50 жастан асқан адамдардың шамамен 20%-ы вакцинаның алғашқы дозасын алған. Бұған дейін 200 тұрғынның тек 25-і ғана препаратты ектіруге құлық танытса, қазір олардың саны 250-ге жеткен. Ескере кететін жайт, мұндай бағдарламалар басқа елдерде де бар.
Мысалы, Таиландта вакцина салдырғандарға ірі қара малы беріледі не ақшалай сыйлық үлестіреледі. Ал Ресей астанасы Мәскеу қаласында көлік ойнатылады.