Зеленский соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын екенін айтты

0
92

Украина басшысы сайлау өткізу үшін қажетті шарттарды атады.


Зеленский соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын екенін айтты

Фото: Dimitar Dilkoff / Reuters

ERNUR.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский елде сайлауды өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұдан басқа ол Киевтің АҚШ-қа жаңартылған бейбіт жоспарды жолдайтынын айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Украинада президент сайлауын өткізетін уақыт келгенін айтқан болатын.

Зеленский Украинадағы сайлау мәселесі ел халқының мәселесі екенін жеткізді.

"Ашығын айтқанда, мен сайлауға дайынмын. Бізге қатысты "билікті уысынан жібергілері келмейді", жеке өзім туралы "президенттік орынтағынан түскісі келмейді", салдарынан соғыс аяқталмай жатыр деген сыбыстарды естідім, бұлардың бәрі қисынсыз. Сайлау өткізу үшін екі мәселе бар. Біріншісі – қауіпсіздік. Яғни, оны қалай өткізу керек, ракеталық шабуылдар мен соққылар кезінде қалай ұйымдастыру керек дегендей. Сосын біздің әскерилер қалай дауыс береді деген мәселе де бар. Бұл өздеріңізге де белгілі, оны қайталап айтқым келмейді", – деді Украина басшысы журналистердің сауалына берген жауабында.

Ал екінші мәселе – сайлауды заңды түрде өткізуге қажетті заңнамалық негіз.

"Бұл мәселені АҚШ президенті және серіктестеріміз көтеріп отырғандықтан, қысқа қайырайын. Мен сайлауға дайынмын. АҚШ-тан, қажет болса еуропалық әріптестермен бірге сайлау өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуді ашық түрде сұраймын. Осылайша алдағы 60-90 күн ішінде Украина сайлауды өткізуге дайын болады", – деп түсіндірді Владимир Зеленский.

Ол депутаттардан сайлауды өткізуге қатысты ұсыныстар күтетінін де баса айтты.

Украина басшысының айтуынша, 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспардың негіздемелік құжаты бар. Ол әрдайым өзгеріп отыратыны да айтылды.