Шымкент көшелерінде әжетхана атымен жоқ

0
3 273

Бүгінде Шымкент қаласындағы қоғамдық орындарда (саябақтар) ақылы әжетханалар жұмысы жолға қойылған. Алайда, шаһар көшелерінде биотуалеттер жоқтың қасы.


Шымкент көшелерінде әжетхана атымен жоқ

Шымкент қаласындағы қоғамдық орындардағы әжетханаларының жұмысымен жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтты.

Былтыр ғана Республикалық маңыздағы қала атағына қол жеткізген Шымкенттің адамдар жиі шоғырланатын қоғамдық орындарда, жалпы, шаһар аумағында бүгінде қандай дәретханалар жұмыс істеуде? Қала тұрғындары мен қонақтарына қандай жағдай жасалған?


Бұл - Шымкент қаласындағы "Шәмші Қаладаяқов" аллеясы. Аллея 2010 жылы Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толуына орай аталып ұйымдастырылған мерейтойда ашылған болатын. Нысан Шымкент қаласындағы бұрынғы "Озера" базарының орнына салынған. Алайда, мұнда келіп демалатын халыққа әжетхана қарастырылмапты. Аллеяға күндіз келген азаматтар базар ішіндегі әжетханаға баруға мәжбүр, ал кешкі уақытта серуендеуге шыққандар қайда барып дәрет сындыратыны бізге беймәлім болып тұр.

Ал, "Орталық саябақта" әжетхана бар. Кіру ақысы - 40 теңге. Әжетхана іші таза, хлорланған. Бір сөзбен айтқанда, қалаға келген қонақтарға мұнда жағдай жасалған.

"Абай" саябағындағында да әжетхана бар екен. Кіру бағасы сол - 40 теңге. Іші таза, тұтынушыға ыңғайлы жағдай жасалыпты.

Алайда, "Жеңіс" саябағындағы әжетхананың жағдайы мәз емес. Кіріп әжетті өтеу тегін болғанымен, тұтынушыға ешқандай да жағдай жасалмағаны көрініп тұр.

Сырты әктелген, шатыры жабылған дегені болмаса, есігі сынық, адам нәжісіне толған, санитарлық тазалығы сын көтермей тұр.

"Металлургтер" саябағының әжетханасы қазіргі заман талаптарына сай. Тұтыншуыларға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы етіп пандус та салыныпты.

Іші таза, келушілерге қолайлы. Кіру бағасы - 40 теңге. Атап өткен әжетханалардың жағдайы "Металлургтер" саябағының әжетханасындай болса, қала тұрғындары мен қонақтарына өте ыңғайлы болар еді.

Ал, өкінішке орай бүгінде Шымкент көшелерінде ешбір әжетхана кездестіре алмайсыз. Егер де көшеде келе жатып бір азамат әжетханаға баруға мәжбүр болып қалса, онда қайда барарын білмей абдырап қалуы әбден мүмкін.

Еуропа елдерінде көше әжетханаларының жұмысы жақсы жолға қойылғаны белгілі.


фото: fishki.net

Бұл - Германия. Биотуалет ақылы, ақшасын салсаңыз есігі ашылады.

фото: dutchnews.nl

Бірақ, Голландияда көше әжетханалары ерлер үшін тегін екен.

Батыс елдеріндегі көше туалеттерін мысал ретінде назарларыңызға ұсынып отырмыз. Шаһар басшылығы қала көшелеріне голландтар секілді тегін болмаса да немістерге ұқсап ақылы биотуалеттер орнатса, туристер мен тұрғындар үшін қолай болары сөзсіз.