Атақты көлік компаниялары ТАҚЫРҒА ОТЫРДЫ. Себеп қандай?

0
7 595

Әлемдік автонарық бойынша рейтинг жасалды.


Атақты көлік компаниялары ТАҚЫРҒА ОТЫРДЫ. Себеп қандай?

Дүниенің төрт бұрышына тараған індеттің әлемдік экономикаға тигізген әсері аз болмай тұр. Соның ішінде өндірісі біршама тұралап қалған автоиндустрия саласы да бар. Сонымен, әлемдік автонарықтың бүгінгі ахуалы қандай?


Себебі қандай?

Пандемияға байланысты былтыр әлемдік автокөлік сатылымы 24 пайызға төмендеген. Сарапшылар нарықтың бұлай күйреуіне бірнеше себеп келтіріп отыр. Біріншіден, карантин кезіндегі шектеу шаралары көлік құралдарына деген сұранысты азайтқан. Яғни сұраныстың төмендеуі мен шекаралардың жабылуынан автонарықтағы өнім айтарлықтай азайған. Екінші себеп – пандемия кезінде автомобиль өндірісінің тұралап қалуы. Оған қоса, карантин кезінде валюта бағамы құбылып, 2020 жылдың екінші жартысынан бастап автокөлік бағасының өсуі байқалып отыр. COVID-19-дың салдарынан әлемдік автонарықтың күйреуіне сеп болған тағы бір фактор –көптеген кәсіпорындардың жабылуы және жұмыссыздықтың өсуі. БҰҰ жанындағы халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың тоғыз айында шамамен 323 млн. жұмыс орны қысқарған екен.


Саудасының сәні кеткен компаниялар

Өткен жылы автокөлік сатып алушылар негізінен Toyota компаниясының өнімдеріне таңдау жасаған. Олар 3 миллиондай көлік саудалаған. Үздік үштікті 1,9 және 1,7 млн. данасы сатылған Volkswagen мен Ford көліктері қорытындылаған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Нақтырақ айтсақ, пандемияның әсерінен ең үлкен шығынға ұшыраған Volkswagen өндіруішілері. 2019 жылмен салыстырғанда бұл компанияның көліктерді сату көрсеткіші 74,1%-ға төмендеген. Антирейтингтің екінші орнында сатылымы 71,2%-ға төмендеген Suzuki маркасы тұрса, сауда көрсеткіші 70,1 пайызға азайған Hyundai үштікті түйіндеген. Одан кейінгі орындарда Nissan, Chevrolet, Honda, Ford, Mercedes-Benz, Toyota және Kia маркалары тұр.

Рейтинг

Дүниежүзілік деңгейдегі Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы жаңа көліктерді сату көрсеткіші қай елдерде төмендегенін зерделеп, тізімін жасады. Оның ішінде Қазақстан да бар. 2019 жылмен салыстырғанда былтыр отандық нарықта жеңіл көлік сату көрсеткіші 2,2%-ға төмендеп, бар болғаны 74,5 мың автомобиль сатылған екен. Ең көп сатылған жаңа марка – 2 мыңнан астам данасы саудаланған Hyundai көлігі. Одан кейін Chevrolet (1,7 мыңнан астам) пен Lada (1,2 мың дана). Енді өзге елдердегі көлік саудасына тоқталсақ.

Автонарығы әлсіреген елдердің көшін Италия бастап тұр. 2020 жылы бұл елде бар болғаны 1,2 млн көлік сатылып, көрсеткіш 40,1%-ға төмендеген. Екінші орында сату көрсеткіші 40%-ға төмендеген Испания тұрса, автонарығы дағдарысқа ұшыраған бестікті Ұлыбртания (30%), Франция (25%) мен АҚШ (24%) түйіндеген. Сондай-ақ, көлік саудасы құлдыраған елдер қатарында Жапония (19%), Германия (19%), Қытай (13%) және Ресей (9,1%) сынды елдер бар.

Сарапшылардың болжамынша, әлемдік автонарық биыл да бастапқы қалпына келе алмайды. Себебі, қазір де нарықта жаңа көліктер аз және доллар бағамы тұрақсыз болғандықтан, көлік құралдарының бағасы түспей тұр. Одан бөлек, адамдардың тұрақты табысы да қалыпқа келе қойған жоқ. Ал, қымбатшылық пен экономикалық дағдарыс реттелмесе, сұраныстың азая беруі мүмкін. Бүгінде көлік бағасының едәуір қымбаттап кеткендігін жиі естиміз. Бірақ, бұл мәселенің қалай шешілетіні көпшілікке беймәлім болып тұр.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік доңғалағы тесіліп қалса, БҰРАНДА мен ГЕРМЕТИК көмектеседі


Жүргізушінің 2 апталық өмірі бағдаршамда өтеді: автоәлемдегі СІЗ БІЛМЕЙТІН деректер