Көлік доңғалағы тесіліп қалса, БҰРАНДА мен ГЕРМЕТИК көмектеседі

0
6 836

Қосалқы доңғалағыңыз жоқ болса, осы әдісті қолдану қажет!


Көлік доңғалағы тесіліп қалса, БҰРАНДА мен ГЕРМЕТИК көмектеседі

Көліктің жолда келе жатып бұзылуы кез келген жүргізушіге қиындық тудырады. Сондықтан көлік иелері әрдайым темір тұлпарының жай-күйін бақылап, ақауын дұрыстап отырады. Бірақ, кейе кейде жүргізуші күтпеген қиындықтар туындап қалады. Мысалы, доңғалақтың тесіліп қалуы. Ал, ол жағдай елдімекенсіз, көлік аз жүретін жерде орын алса, өте қиын болады. Деенмен, тәжірибелі жүргізушілер мұндай жағдайдан да қиындықсыз шығудың жолдарын біледі. Сіз де біле жүріңіз.


ҚАРАПАЙЫМ АМАЛДАР

Егер жүргізуші қамданып жүретін болса, онда ол әрдайым көлігіне қосалқы дөңгелек салып жүреді. Сондықтан, мұндай автокөлік иелері үшін доңғалақтың тесіліп қалуы айтарлықтай мәселе болмайды. Олар жай ғана дөңгелекті ауыстырады да, жүре береді. Бірақ кей көліктерде қажетті құрал-сайман түгілі қосалқы доңғалақ та болмауы мүмкін, тіпті кей жүргізушілер қалай ауыстыру керек екенін де білмей жатады. «Бес саусақ бірдей емес» деген сол шығар. Мұндай жағдайда доңғалақ жөндейтін орынға жету үшін бірнеше амалды қолдануға болады:

1. Зақымдалған дөңгелекті тексеру қажет. Шинаның желі толығымен шығып кетпеуі мүмкін. Яғни, желі азайған доңғалақты қарапайым үрлегішпен ретке келтіріп, жақын маңдағы жөндеу орталығына жеткенше илалауға болады деген сөз.

2. Егер «камерсіз» шина орнатылған болса, онда тесілмеген доңғалақтың желі баяу азаяды. Демек, сол күйі жақын маңдағы дөңгелек жөндеу орталығына дейін жетуге болады. Әлбетте, жақын жерде болса!

3. Доңғалақ тесілсе, оның себебін анықтап алу қажет. Көбіне шинаның тесілуіне үшкір заттарды кіріп кетуі себеп болады. Егер солай болған жағдайда, кірген затты бірден суырып алмау қажет. Өйткені ол, тескен жерді бітеп тұрады да, жел баяу азаяды. Мұндай жағдайда доңғалақты оқтын-оқтын үрлей отырып, жөндеу орталығына жетіп алсаңыз болады.


Ескерту! Тесілген дөңгелекпен ешқашан қатты жүруге болмайды! Әйтпесе, кенеттен көлік тізгінін басқара алмай қалуыңыз мүмкін. Сосын, әрдайым тесілген дөңгелекті жөндетіп, қосалқы доңғалақтың жай-күйін бақылап жүрген дұрыс. Бұл кезек күттірмейтін жұмыс.


КЕЙБІР «ҚУЛЫҚТАР»

Өте тәжірибелі жүргізушілер доңғалақ жарылғанда жөндеу орталығына қиындықсыз жетудің түрлі амалын біледі. Соның бірі бұрандаларды қолдану. Нақтырақ айтсақ, доңғалақтың тесілген жеріне көлемі сай келетін бұранда болса, оны зақымдалған жерге бекітіп, желдің азаюын баяулатуға болады. Сосын, дөңгелекті үрлеп-үрлеп сізге көмек көрсететін орынға жетіп аласыз. Сондай-ақ, кей жүргізушілер жоғарыда аталған бұранданың орнына герметик қолданып, тесікті уақытша бітеп қояды. Бірақ, герметик көпке шыдамайтынын ескеру қажет. Ал, өте ұзақ жолға жиі шығатындар шағын шинамонтаж құрылғыларын жүксалғышына салып алады. Ол көбіне жүк көліктерінің жүргізушілеріне тән әдіс.

Ұзақ жолда жиі жүретін болсаңыз, өзіңіз жүретін бағыттағы шиномонтаж қызметкерлерінің байланыс номерін біліп алыңыз. Қазір арнайы шақыртумен қызмет көрсететіндер де көп.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Тәжірибелі жүргізушілер арасында ЖАЗЫЛМАҒАН ережелер бар


Қозғалтқыштың ақауын оңай анықтауға болады