Қазіргі қозғалтқыштардың КЕМШІЛІКТЕРІ – сарапшылар пікірі

0
3 221

Қозғалтқыш құрылымының күрделілігі олардың сенімділігін арттыра қойған жоқ.


Қазіргі қозғалтқыштардың КЕМШІЛІКТЕРІ – сарапшылар пікірі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі жаңа автокөліктердің сенімділігі көбіне дұрыс бағаланбайды. Мысалы, бұрындары жүргізушілер өздерімен бірге құрал-саймандарын, қосалқы бөлшектер жиынтығын, тіпті кейбір автобөлшектерді де алып жүретін болған. Ал, қазір ұзақ жолға шығып бара жатса да, көптеген көлік иесі қосалқы дөңгелек, дөңгелектің бұрғашығы сынды бір-екі құралын қамдап алып, кете береді. Сонда, көлікке деген сенімділіктің артқаны ма?



Беріктік, сапа, сенімділік... Жалпы, қазіргі көліктердің бұрынғылардан айырмашылығы неде?

Жоғарыда аталған ұғымдар бір-біріне тікелей байланысты. Осы орайды мына дәйекті ату қажет. Мысалы, жигули көліктерінің дәуірінде көліктердің беріктігі, сапасы мен сенімділігіне 20 000 шақырымға дейін кепілдік берілген. Кейбірі сол межеден кейін сыр бере бастаса, сәтті шыққандары одан да көп жол жүруге жарамды болған. Ал, бүгінгі таңда өндірілетін көліктердің басым бөлігіне 100 000 шақырым немесе үш жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл жақсы болғанымен, сарапшылар ол көліктердің сапасы, беріктігі мен сенімділігі бес есе өспегенін айтады. Оның себебі мыналар:


Шойынның орнына алюминий: беріктік төмендеді, сенімділік нашарлады

Қазіргі көлік қозғалтқыштарындағы цилиндр блоктары алюминий қорытпасынан жасалады. Өйткені, шойын құю өндірісі экологиялық тұрғыдан өте зиянды процесс деп бағаланып, қолданыстан алынып тасталған. Алайда, алюминийге қарағанда бұрынғы шойыннан құйылған блоктар берік, қызып кетуге төзімді және сирек бұзылатын. Демек, бүгінгі цилиндрлер бұрынғыларынан әлсіз деген сөз. «Сенімділіктің «алтын ғасыры» өткен ғасырдың 90‑шы жылдарында мотор жасаушылар уыттылықтың төменгі нормаларына көше бастаған кезде аяқталған» - дейді сарапшылар.


Даунсайзинг және турбо үрлеу: сенімділік төмендеді

Массаны азайту, қозғалтқыштардың тиімділігі мен экологиялық тазалығын арттыру үшін өндірушілер жұмыс көлемін азайтуға тырысады да, қозғалтқыш қуатын сақтау үшін турбогенератор қолданылады. Бұл қозғалтқыштың цилиндр-поршеньдік тобының барлық элементтеріне түсетін жүктеменің артуына әкеледі.

Бірақ, өндірушілер бұл жағдайда да мықты материалдарды қолданбайды. Керісінше, кейде қозғалтқыштағы қосымша күш беретін цилиндрді алып тастап, теңгерілмеген әрі дыбысы жағымсыз үш цилиндрлі қозғалтқыш жасап шығарады. Сөйтіп, қозғалтқыш бөлшектеріне түсетін жүктеме одан сайын көбейеді.

Ал, турбогенератор сенімділігі төмен поршень бөлігіне қосылады. Соңғы уақытта қозғалтқышты екі турбогенератор немесе біріктірілген турбогенератормен жабдықтау да кеңінен қолданылуда. Түптеп келгенде қозғалтқыш бөлшектері көбейіп, жүйенің бұзылу ықтималдылығын арттырады.


Дизельді қозғалтқыштар

Қазіргі автонарықта дизель жанармайын тұтынатын қозғалтқышпен жабдықталған көліктер де бар. Бірақ біздің елімізде ол жанармайдың сапасыз болуынан сүзгілердің тез бітеліп қалуы деген «ауру» пайда болған. Ал, ауруы бар көлік қайта-қайта әурелей береді ғой. Сондықтан мұндай отынмен жұмыс істейтін көліктерді сатып алған біраз адам не көлігіне көңілі толмай, не дұрыс бағаға сата алмай сан соғып жүр.

Сонымен қатар, бүгінде көлігіне газ орнатып алатын адамдар да жеткілікті. Онысы үнемді болғанымен, көлігіне арналмаған отын қозғалтқыш күшінің әлсіреуіне, жиі бұзылуына себеп болады.

Жалпы, қазір кез келген дүниенің мықтысын табу қиындап кетті ғой.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Ресей, АҚШ немесе Қытай: ҚАЙ ЕЛДІҢ соғыс көліктері МЫҚТЫ?


ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫС кезінде ҚАНДАЙ көліктер жарыққа шыққанын білесіз бе?