Қытайлық көліктен БАС ТАРТУДЫҢ 10 себебі

0
1 067

Тіпті қытайлықтардың көпшілігі импорттық көліктерді таңдайды екен.


Қытайлық көліктен БАС ТАРТУДЫҢ 10 себебі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бірнеше жыл бұрын қытайлық көліктер қазақстандық сатып алушылар арасында айтарлықтай қызығушылық тудырмайтын. Дегенмен, қазір елімізде қытайлық көліктерге деген сұраныс артып жатыр. Себебі, ол көліктер стильді, электроникасы дамыған түрде өндіріліп жатыр. Алайда, кемшіліктері де көп-ақ. Бүгін соларға тоқталмақпыз.


Металл сапасы

Қытайлық автоөнеркәсіп едәуір қарқын алғанымен, қытайлық өндірушілер сапасы төмен материалдарды пайдалану арқылы өндіріс құнын төмендетуді жалғастырып жатыр. Бұл тұрғыда корпустың коррозиясына қатысты мәселелер әлі күнге дейін бар екенін атап өту керек. Яғни, көптеген сарапшылар экспортқа шығатын орта сегментті машиналарды жасайтын қытайлықтар сапасыз металдарды пайдалану арқылы саналы түрде үнем жасап жатыр деп ойлайды. Ал, бұл көліктерге де тұрақты қызмет пен қосалқы бөлшектер керек болатынын ескерсек, бұл мәселе өте өзекті. Дегенмен, қытайлық көліктердің жолда ыдырайтыны туралы қорқынышты әңгімелер іс жүзінде жоғалған көрінеді.


Локализация

Қытайлық автомобиль өндірушілердің басым көпшілігі жүйенің тілін қазақ немесе орыс тілін былай қойғанда, ағылшын тіліне де аударғысы келмейді. Тіпті, премиум санатындағы көліктердің өзіқытай тілімен жұмыс істейді. Ағылшын тіліндегі мәзірі бар брендті жасайтындар көліктің бір бөлігін ғана ағылшын тіліне аударады, ал жартысы қытай тілінде қалады. Барлық заманауи көліктерде бар телефонға арналған қосымшалар тек қытай тілінде шығарылады және оларға тіркелу тек қытай симкартасымен мүмкін болады. Жүйеде орнатылған барлық қосымшалар – (навигация, медиа, бейне ағыны, музыка) тек қытай тілінде жұмыс істейді.


Бір күндік брендтер

Бренд атауы – көлік құралын таңдаудағы шешуші факторлардың бірі. Яғни, әлемге әйгілі автомобильдердің сатып алушыларға ұнауының себебі – олар көлік маркасы арқылы компанияның жұмыс механизмін бағамдай алады. Ал, Қытайда бәрі басқаша – компаниялар құрылған сәттен бастап автомобиль шығарылғанға дейін бір жыл өтеді, ал 4-5 жылдан кейін өндіруші алғашқы сатылымнан пайда табады да, нарықтан кете салады. Мәселен, соңғы жылдарда осындай қадамға барған қытайлық брендтер ретінде Lifan, Brilliance, Borgward пен Zotye-ні еске түсіруге болады. Сонда, бұл бренд жоғалып кеткесін, көлікке қажетті бөлшектердің жайы не болады? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Бөлшектер және сатудан кейінгі қызмет

Қытайлық машиналардың сатылымнан кейінгі қызметінде көптеген проблемалар бар. Мұның бәрі мына себептерге байланысты:

  • Моделі бірдей, бірақ шыққан кезі әртүрлі көліктердің бөлшектері бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін;
  • Кейбір брендтер банкроттықпен нарықтан шығып, бөлшектер өндіруді және автокөлікке техникалық қызмет көрсетуді тоқтатады;
  • Қазір қытайлық автомобильдерге арналған бөлшектер каталогы жоқ, өйткені қытайлық өндірушілер мұндай каталогтарды ұсынбайды. Сонымен қатар, кейбір қажетті бөлшектер тіпті Қытайда да ашық сатылымда жоқ. Себебі, автоөндірушілер өздігінен қызмет көрсетуді қаламай, тек ресми дилерлерде жөндеуді ұсынады;
  • Бөлшектерге дилер арқылы жеке тапсырыс беру керек. Содан кейін олар пошта арқылы жібереді. Осылайша, жөндеу уақыты сағызша созылады.


Эргономика

Электроникамен жабдықтау тұрғысынан Қытай машиналары жапондық және еуропалық модельдерден бір саты жоғары болып тұр. Бірақ, жабдықтарды дұрыс орналастыру жағынан әлі де дұрыс дамымаған. Яғни, салон ішіндегі элементтердің орналасуынан пайда болатын қолайсыздықтар көбіне жүргізушінің де, жолаушылардың да жайлылығына кері әсер етеді. Тіпті, кейбір функцияларды пайдаланатын болсаңыз, тұтқа немесе түймені табу үшін еңкеюге тура келеді.


Дизайн

Қытайлық автоөндірушілер ұлттық сипаттағы ерекшеліктерге сүйене отырып, Батыс машиналарының ең тартымды тұстарын қолданудан іргесін аулақ ұстай алмады. Себебі, мұндағы көптеген зауыттар еуропалық дизайнерлерді жалдайды. Соған қарамастан, олар әйгілі брендтердің көшірмелерін өндіруін тоқтатар емес. Мысалы, Hongqi – Rolls Royce, BAIC – Mercedes, BYD - Lexus, Geely – BMW, Great Wall – Fiat, li One – Cadillac көліктерінің көшірмесі сияқты. Демек, қытайлықтар өздеріне ұнаған кез-келген модельдің аналогын қайталап жасай алады.


Баға

Бұрын қытайлық автомобильдер тартымды бағамен сатылатын. Бірақ, қазіргілері еуропалық және американдық көліктермен шамалас. Сатушылар арасында жетекші орынға ие болған қытайлық дилерлер жыл соңына қарай машиналардың құны тағы 15-20%-ға көтеріледі деп болжауда.

Қытайлық автоөндірушілер ішкі нарықта автокөлікке деген сұраныстың артуына байланысты жергілікті автоөнеркәсіптің бағасын жапондық және корейлік көліктерді айтпағанда, неміс үштігінің деңгейіне дейін көтерді. Мысалы, қазір қытайлық ZEEKR брендінің құны Cadillac және Lincoln сияқты көліктермен бірдей болып тұр. Ал, Tesla электромобильдері қытайлық электромобильдердің көпшілігіне қарағанда арзанырақ.


Болашақта пайдалану мәселелері

Отандық нарыққа кірген көптеген қытайлық машиналарды 3-5 жылдан кейін пайдалану жағы қалай болатынын болжау өте қиын.


Қайта сату

Елдің бәрі жаңа көлік ала бермей, біраз қолданылғандарын да сатып алатыны белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, қытайлық көліктерді біреудің қолынан алу тығырыққа тірелгенмен бірдей болып отыр. Мұның себебі – сапаға деген күмән, брендтердің тұрақсыздығы және пайдаланылған көліктің техникалық жағдайынан қорқу. Әлбетте, арамызда қытай автоөнеркәсібінің сарапшылары мен жанкүйерлері болуы мүмкін. Бірақ, олардың өзі бұл жағдайға қатысты мардымды әңгіме айта алмаса керек. Себебі, әзірге қолданылған қытайлық көліктерді сату үрдісі бастала қойған жоқ. Тиісінше, қайталама нарық сатылымы бойынша корейлер мен жапондықтар көш бастап тұр.

Жалпы, көптеген адам қытайлық брендтердің банкроттығы, яғни тұрақсыздығынан аяқ тартады. Өйткені, компания жабылып қалса, мұндай көлікті тіпті арзан бағамен сатудық өзі өте қиын болады.


Қытайдағы қытай көліктері

Қытайда автокөліктердің көптігі соншалық, жергілікті тұрғындардың барлығы отандық көліктерге мініп бара жатқан сияқты көрінеді екен. Ал, шын мәнінде, тіпті қытайлықтардың көпшілігі импорттық көліктерді таңдайды екен. Демек, ҚХР тұрғындары арасында да өз көліктеріне деген сенімсіздікбар деген сөз.

Қытайда жергілікті көліктерді көбіне такси, жүк тасымалдау, әлеуметтік қызметтер және импорттық автомобильдерді сатып алуға тыйым салынған мемлекеттік қызметкерлер алады екен.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлікке ҚАНДАЙ БЕНЗИН құйған дұрыс - маңызды 3 кеңес


«Электромобильдің зиянсыз екендігі – ЕҢ СОРАҚЫ ӨТІРІК» - ҒАЛЫМДАР