Шинаны уақтылы ауыстырмасаңыз, ӨКІНІП ҚАЛУЫҢЫЗ МҮМКІН

0
956

Егер сіз шиналарды ауыстырмасаңыз не болады?


Шинаны уақтылы ауыстырмасаңыз, ӨКІНІП ҚАЛУЫҢЫЗ МҮМКІН

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Егер сіз көліктің маусымдық шиналарын уақытында ауыстырмасаңыз жолда бұзылу, айыппұл, апат сынды күтпеген жағдайларға тап болуыңыз ықтимал.

Сондықтан шиналарды ауыстыру уақытынан кешігудің қажеті жоқ. Ауыстырудың екі негізгі нұсқасы бар – жаздықтан қысқы резеңкеге ауысу және шиналарды пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру. Олай болмаған жағдайда мынадай жағдайларға ұшырауыңыз мүмкін.


1. Шиналардың қызмет ету мерзімі

Алдымен, шиналар тозған жағдайларды қарастырайық. Шиналар жылжымалы механизм болып саналады және жол төсемімен бірінші болып жанасады, сондықтан олар тез тозады. Шиналардың қызмет ету мерзімі 1-3 жыл арасы деп сеніммен айту қате шығар. Өйткені көп нәрсе жолдың сапасы мен жүргізушінің көлік басқару жүру стиліне тікелей байланысты.

Әдетте шинаның жарамдылық мерзімі жүріп өткен шақырымға сәйкес қарастырылады, жеңіл автомобильдер үшін ол 45 мың шақырымды құрайды. Есіңізде болсын, жақсы және сапалы резеңке қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі болып саналады. Сол үшін протектордың тереңдігін, ақаулардың бар не жоқ екенін уақтылы қадағалаңыз, әйтпесе бұл факторлар апатқа апаруы мүмкін.


2. Шинаның қысымы

Шина қысымының нормасы автомобильге, жол төсеміне және пайдалану жағдайларына байланысты. Орташа алғанда, 2-ден 2,5 кПа-ға дейін болуы керек. Автокөліктің суспензиясының өңделуі мен қаттылығы көбінесе қысымға байланысты. Егер шиналар тозған болса, протектор жұқарған және жол нашар болса, онда мұндай шиналар салынған көлікті жүргізу өте қиын болады. Дәлірек айтсақ, көлік тепе-теңдігі жоғалып, қолайсыз ауа райында жүргізушіге мүлдем бағынбайды. Сондықтан суспензия мен рульге кінә артпас бұрын, шиналардың тозу дәрежесін тексеріңіз.



3. Құрғақ және дымқыл жолдағы шиналардың «мінез-құлқы»

Тозған шинаның құрғақ немесе дымқыл жолда жүруі әртүрлі болады, бірақ тәжірибесіз жүргізуші оны бірден ажырата алмайды. Егер, көлік тозған шинамен тегіс және құрғақ жолда жүрсе, тозу іс жүзінде сезілмейді. Дегенмен, топырақ немесе құмды жерлерге келгенде тозған шиналар жаңаларына қарағанда нашар әрекет етеді.

Ал, тозған шина үшін дымқыл жол көптеген «тосынсый» жасайды. Әрине, төмен жылдамдықта ауытқу сезілмеуі мүмкін, бірақ жылдамдықты арттырғанда шина мен жолдың байланысы нашарлайды. Сондай-ақ, тежеу қиынға соғып, жол көктайғақ секілді болып кетеді. Яғни, мұндай кезде тозған шинамен жүру өз тағдырыңа өзің балта шабумен бірдей болады.


4. Қысқы, жазғы немесе барлық маусымға арналған шина

Жаңа шиналарды сатып аларда жазғы, қысқы немесе барлық маусымға арналған түрлерін таңдай аласыз. Таңдау қалтаңыздың қалыңдығына да байланысты. Көп адам ақшаны үнемдеуге тырысып, барлық маусымға арналған шиналарды сатып алады. Мұндай шинамен жыл бойы жүре беруге болады. Дегенмен, қыста мұндай резеңкелер қатты болып, суспензияға зақым келтірсе, жаздағы ыстықта тым жұмсақ болып кетеді.

Ең дұрыс шешім – жазғы және қысқы резеңкелерді бөлек-бөлек сатып алу. Біріншіден, егер сіз шиналарды уақытында ауыстырсаңыз, онда тозу деңгейі төмен болып, қызмет ету мерзімі созылады. Екіншіден, автокөлікті басқару әрқашан жақсы болады. Жазғы шиналар қыста «шана» секілді, ал қысқы шиналар жазда керісінше жұмсақ болатынын есте сақтаңыз.


5. Шиналар үшін айыппұл

Кейбір адамдар үнем жасау үшін жыл он екі ай бойы жазғы шинамен жүре береді. Бұл жағдай шиналардың тез тозуына соқтырады. Сондай-ақ, мұндай әрекетіңіз үшін заң талаптарына сәйкес айыппұл төлейтініңізді де ұмытпаңыз. Бұл тұрғыда жол полицейлері көлік шиналарын оңай ажырататынын және протекторына дейін тексеретінін ұмытпау керек.



Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жапон елінің қазіргі кездегі ЕҢ ҮЗДІК кроссоверлері

Қымбат ШИНАның арзаннан АРТЫҚШЫЛЫҒЫ: ақиқат па, аңыз ба?