Кейде бір мәселені шешеміз деп, өз жағдайымызды қиындатып аламыз.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жер бетінде жүрген көліктердің иелері көбіне терезеден өтетін ыстықты азайту мақсатында қараңғылап қояды. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда «тонировка» жасатады. Алайда, олардың барлығы бірдей мұның зияны мен пайдасы жайлы ойлана қоймайды. Сондықтан бүгін осы тақырыпқа бойлауды жөн санадық.
Қараңғылау қажет пе?
Интернеттегі «тонировкаға» қатысты пікірталас дәстүрлі тақырыптардағы шайқастар сияқты жиі кездеседі: «ВАЗ немесе шетелдік көлік», «резеңке немесе шпилькасыз», «Мерседес немесе БМВ», «Немістер немесе жапондар» және т.б. әдеттегідей, әр тараптың өз дәлелдері мен сенімдері бар. Олардың әрқайсысын оқып көрсеңіз, барлығының айтып жатқаны дұрыс сияқты көрінеді. Сондықтан, біз де бұл пікірталасқа қатысып, өз сайтымызда бірнеше ақпаратты ұсынбақпыз. Мүмкін, кей адамдар «бұл мәселе тек жаз мезгіліне қатысты ғой» деуі мүмкін. Дегенмен, бұл тақырып мезгілге қарамайды деп түйдік. Оның себептерін мақаланың ішінен таба аласыздар.
Термоқорғаныс
«Тонировканың» пайдасы жайлы сөз қозғағанда көпшілік оның ыстық ауа райында салонға енетін жылуды азайтатынын айтады. Нақтырақ айтсақ, ол күн сәулесінің аз түсуіне мүмкіндік беріп, интерьердің қызуы бәсеңдейді.
Алайда, біз мектепте оқыған кезде физика заңдарына сәйкес, қара түстің күнді тартатынын және ақ түстің күн ыстығын қайтаратынын білгенбіз. Демек, логика бойынша бұл ретте ақ түс пайдалырақ болады. Ал, одан да пайдалы құрал – айна. Бірақ, жол ережесі бойынша оны қолдануға тыйым салынады.
Сонымен қатар, қазіргі заманғы автомобильдердің көптеген модельдері атермальды әйнектермен жабдықталған. Бір жағынан, мұндай әйнек жазда салонның қызуын азайтса, екінші жағынан, ол суық мезгілде жылу жоғалтуды төмендетеді екен. Ал, қара түсті «тонировка» автомобильдің атермальды әйнектерінің әсерін толығымен «өлтіреді». Демек, сіз мұндай әйнектерге қара «тонировка» жабыстырсаңыз, олардың негізгі артықшылықтарын жоққа шығарасыз деген сөз.
Сонымен қатар, қазір кез-келген заманауи автомобильде кондиционер немесе климаттық жүйе болады. Бұлар да күн сәулесінен қорғаныс ретінде қолданылатын «тонировканың» қажеттілігін жояды.
Жағдайды қиындату
Дәл осы сәтте «тониравка» тақырыбы неліктен мезгіл таңдамайтынын айтамыз. Нақтырақ айтсақ, әңгіме ауа райы сан құбылып, жолдарды көру нашарлайтын күз және қыс мезгіліне байланысты.
Мәселен, қазан-қараша айларының жаңбырлы түнінде нашар жарықтандырылған тар автотұраққа көлік қою керек болды. Мұндай жағдайда сіз айналаңыздағы барлық нәрсені мүмкіндігінше жақсы көруіңіз керек. Әсіресе, артқы және бүйір жақты. Бірақ, сіз қара түсті «тонировка» арқылы өзіңізді «соқыр» етіп, тапсырманы бірнеше рет қиындатасыз.
70-90 жылдары жүргізушілер артқы терезелерге қараңғылайтын перделер іліп жүрген. Оның бір пайдалы тұсы – кедергі келтіретін кезде жәй ғана жинап қоясыз. Өкінішке қарай, қазір мұндай нәрсені табу мүмкін емес. Бірақ, бұл «тонировка» арқылы өзіңізді «соқыр» ету керек дегенді білдірмейді.
Осы жерде бір парадокс пайда болады: дизайнерлер жүргізушіге айналасын жақсы көру үшін жағдай жасауға тырысады, ал жүргізушілер бұл көріністі жасанды түрде нашарлатады.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Көлігіңізде кондиционер жоқ па? САЛҚЫНДАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ БАР
Бензиннің орнына дизель құйылып кетсе НЕ БОЛАДЫ? Немесе керісінше...