23 жастағы қыздың өліміне Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов айыпталуда.
Фото: Аzh.kz
ERNUR.KZ. Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор күдіктілер арасындағы хабарламалардың мәтінін жариялады, деп жазады stan.kz.
23 жастағы қыздың өліміне Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов айыпталуда.
Күдіктілердің хабарламасы арқылы қылмыстың қалай дайындалғаны және жасалғаны анықталған. Хат алмасудан белгілі болғандай, олар қылмысқа алдын ала дайындалған.
“Әлі ұйқтап жатыр, денесі жылы, тірі”, “Істі бітіргеннен кейін сыра ішеміз”, – деп жазған айыпталушылардың бірі.
“Тұншықтыр, мойнын сындыр”, – деп жауап берген екіншісі.
Оған қоса күдіктілер “мәйітті қалай жасыру”, “қылмыстың соңынан із қалдырмау” туралы да өзара хабарлама алмасқан.
“Толығымен өртеніп кетпейді, сүйектері қалады”, – деп еркін хабарлама жіберген күдіктінің бірі.
“Үйде тазалық жаса қазір, барлығын тазала”, – деген хабарламалардан қалай іздерін жасырғандарын да байқауға болады.
“Мен сен үшін өлтірдім”, – деп жасаған қылмыстары туралы жазады.
Қылмыстан кейін олар мәйіттен құтылып, сыра мен виски ішуге кеткен. Хабарламалардың ешқайсысында қорқыныш не өкініш жоқ. Тек қысқа сөйлемдер, күнделікті әңгімелер мен күлкілі эмодзилер ғана болған.
Сот деректеріне сәйкес, Ризуан Янаны көлікте тұншықтырған, ал Алтынбек қыз сыртқа шығып кетпес үшін есікті ұстап тұрған. Кейін олар мәйітті Талдықөл жаққа апарып, Жайық өзеніне тастаған.
Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылды.
18 қазанда 22 жастағы бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Аз уақытта ораламын деп ойлаған ол күртешесін де алмаған көрінеді. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған.
Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.