Әрбір әйел өз үйінің аспазы екені даусыз. Үйде отырған аналарымыздың өз қолымен дайындаған түрлі тағамдарын үйреніп, үлгі алуға шақырамыз.
"Дастархан" айдарының бүгінгі қонағы Жетісай қаласының тумасы, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылының ең үлгілі келіндерінің бірі Жанар Асылбекқызы.
Үш ұл-қыз тәрбиелеп отырған Жанар Сәдібекованың әдемі тандыр нандармен түскен суретін көріп, аспаздыққа жақындығын аңғардық. Кейіннен сұрастыра келе шынында да аспаздықтан құралақан емес екенін өз аузынан естіген болатынбыз. Өз үйінің шебер аспазы Жанармен болған әсерлі әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
- Кішкентай күнімізден анамыздың қасында жүріп, нан пісіруге, түрлі тағамдар дайындауға қызығатынбыз. Анам да оны бізге үйретуден жалықпайтын. Алайда дәл қазіргідей епті «аспаз» боп шығамын деп ойламаппын. Өйткені отбасында жалғыз қыз баласы болатынмын. Әке-шешем мен бауырларымның ортасында еркелеп өстім. Бәрі де әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған шығар деп ойлаймын. Мәпелеп өсірген, бар жағдайымызды жасап осы күнге жеткізген, ең бірінші орынға өздерін емес, балаларын қоятын ата-анама алғыс айтқым келеді.
Нан пісіруді ең алғаш осыдан екі жыл бұрын үйдегі бар заттармен жасап көрейін деп бастаған болатынмын. Содан қызығушылығым артып, нан пісірудің шебері болып алдым. Менің нанымды көргендер «комплимент» айтпай кетпейді. Әрине, бұл мақтанғаным емес, дегенмен осы іспен нан пісірудің де өзіндік өнер екенін дәлелдегім келеді. Өйткені бұл өнер екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да жас келіндер үйреніп алсын деген оймен сұхбатқа келісімімді берген болатынмын.
- Иә, наныңыз өте әдемі. Тіпті, наубайханадан жаңа шыққандай. Бұлайша нан пісіруді кімнен үйрендіңіз?
- Өзіме де қатты ұнайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, нан пісіруді маған ешкім үйретпеді. Үйдегі бар заттармен жасай беремін. Көбіне тандыр нанды көрген қыз-келіншектер ерекше бір қоспа қосады деп ойлайды. Бірақ, мен қарапайым заттармен, осылай әдемі етіп пісіруді үйрендім. Осылай деп жауап берсем, олардың біразы сене қоймайды.
Жанар ұсынған қазақша тандыр нан рецепті
Қажетті өнімдер:
- 0,5 л жылы сүт
- 1 кесе жылы су
- 2 дана жұмыртқа
- 1 кесе шекер
- 1 пакет қамыр қопсытқыш
- 1 шай қасық тұз
- 1 кесе өсімдік майы
- Қажетінше ұн салынады.
Дайындалу тәсілі
1. Жылы сүт пен суды табаққа құйып, оған барлық қажетті заттарды саламыз да ұн қосып, қамыр илейміз. Сосын қамырды жылыдай орап, 1-2 сағат ашығанша қоя тұрамыз.
2. Енді ашыған қамырды жеті бөлікке бөліп, жақсылап нан жасап қоямыз. Осылайша жасалған нандар 30-50 минуттай тұруы қажет.
3. Осы уақыт өткеннен кейін нанның бетін әсемдейміз. Ол үшін жұмыртқаның сары уызын жағып, күнжіт, мак, шекер себелейміз. Суреттегідей әдемі болғанын қаласаңыз дәл солай жасаңыз.
4. Нанның шет-шетін саусақтың ұшымен ғана бүріп, әсемдеген де артықтық етпейді.
5. Дайын нандарды бір-бірден пешке салып, пісіріп ала береміз. Сонда осындай әп-әдемі, қып-қызыл нан пісіп шығады. Астарыңыз дәмді болсын!
- Тағы қандай тағамдарды жақсы жасайсыз?
- Түрлі тәттілер мен пирогтарды, торттарды ғаламтордан қарап жасаймын. Өзіміздің отбасылық тағамдарымыз да бар. Манты мен ханымды балаларым да, жолдасым да сүйіп жейді. Сондықтан да болар, осы тағамдарды көп дайындауға тырысамын.
- Өз мамандығыңыз қандай?
- Жоғары білімім бар, биология пәнінің мұғалімі. Өкінішке орай, ол мамандық бойынша мүлде жұмыс істемедім. Тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін үйде отырып қалдым. Алайда, жұмыс істемедім деп еш өкінбеймін. Қасымда қорғаным болар азаматым мен алтын асықтай ұлдарым, қызғалдақтай қызымыз бар. Мұның бәрі де Алланың маған берген үлкен сыйы деп білемін. Отбасы бақытынан асқан бақыт жоқ екенін түсініп келе жатырмын.
- «Анасын көріп қызын ал, табағын көріп асын іш» дейді қазақ. Сіз бұл мақалға қаншалықты қосыласыз?
- 100% қосыламын деуге болады. Қазақтың әрбір мақалы мен мәтелінде көп адам түсіне бермейтін астарлы ой жатады. Бұл ретте де тауып айтылған сөз екенін еріксіз мойындатады. Алысқа бармай-ақ, өзімізді алар болсақ, анамыздан асып ешқайда бара алмаймыз. Барлығын да үйде көрген тәрбиемізбен, анамыздың үйреткенімен жасаймыз. Ол кісінің санаға сіңген тәрбиелік сөздері өмірлік сабақ болатыны сөзсіз. Сол себепті де «анасын көріп қызын алған» өте дұрыс. Сонда еш жаңылыспайтынымыз анық. Мәселен, үйінде тігісін тігіп, ыстық тамағын дайындап, балаларына қамқор болатын, ойлы сөз айтатын анадан туған баланы тәрбиесіз болады деп ешкім айта алмайды.
- Бала тәрбиесіне деген көзқарасыңызды да ортаға сала кетсеңіз... Үйде әкенің рөлі күшті ме, сіздің бе?
- Әуел бастан әкемізден аяқ тартып, анамызбен ақылдасып өскенбіз. Сол тәрбие бойымызға сіңген. Ұлдарым отағасын үлгі тұтады, алдын кесіп өтпейді. Ел-жұрттан ерекшеленіп тәрбиелеп жатырмыз деп айта алмаймын. Қолымыздан келгенінше тырысып жатырмыз. Жолдасым ер-азамат болғандықтан да болар ұлдарын спортқа бейімдеп келеді. Бүгінде үлкен ұлымыз қазақ күресінен оншақты медаль тағып, жеңімпаз атанып үлгерді. Мақтанышымыз әрі бар байлығымыз балаларымыздың бақыты, болашағы үшін тер төгетініміз кәміл.
- Жанар, уақытыңызды бөліп, өз ойыңызбен бөліскеніңізе рахмет айтамын. Жасаған әрбір ісіңіз берекелі болып, жемісін көре беріңіз. Дастарханыңыздан ас үзілмесін!
Сұхбатты жүргізген: Құрманкүл Өмірзаққызы,
Тағы да оқыңыз:
Жаңа жылдық дастарханға ерекше дәм дайындағыңыз келе ме?
Сірке суын таңдағанда неге мән беру керек?
Тартылған еттің өте дәмді болғанын қаласаңыз, мына 5 әдісті жасап көріңіз