Үйде дайындалатын МАЙОНЕЗДІҢ 5 түрлі рецепті

0
5 115

Дүкенде сатылатын майонезді өзіңіз үйде отырып-ақ дайындай аласыз. Мына 5 түрлі рецепттің кез келгенін жасап көріңіз!


Үйде дайындалатын МАЙОНЕЗДІҢ 5 түрлі рецепті

1 минутта дайын болатын майонез

Қажетті өнімдер:

  • 200 мл өсімдік майы
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1 шай қасық қант
  • 0,5 шай қасық тұз
  • 1 шай қасық қыша
  • 1 ас қасық 9%-дық сірке суы

Дайындалу тәсілі:

  1. Табаққа өсімдік майын құйып, оған тұз, қант, сірке суын, қышаны салып, жақсылап араластырамыз.
  2. Содан соң жұмыртқаны жарып салып, барлығын бірге бастырмалы (погружной) блендермен араластырамыз.
  3. 1 минуттай блендермен араластырсаңыз, майонез де дайын болады.


Жұмыртқа қосылмаған майонез


Қажетті өнімдер:

  • 100 мл піскен сүт
  • 1 ас қасық лимон шырыны
  • 1 шай қасық қыша
  • 1/3 шай қасық тұз
  • ½ шай қасық қант
  • Дәміне қарай бұрыш пен сарымсақ қосуға болады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен лимонның шырынын сығып аламыз.
  2. Сосын табаққа өсімдік майы мен сүтті құямыз. Миксермен көпіршітіп, аппақ түске айналғанша араластырамыз.
  3. Сонда майонез қоюлана бастайды. Қант пен тұз қосып, қышаны салып, лимон шырынын құямыз. Содан соң блендермен тағы да 1-2 минут араластырсақ, майонез де дайын болады.
  4. Сүт қосылған майонез қою, аппақ, өте дәмді болып шығады.


Сап-сары майонез


Қажетті өнімдер:

  • 1 дана жұмыртқаның сары уызы
  • 2 шай қасық «Қыша» соусы
  • 1 шым-шым тұз
  • 1 шым-шым қара бұрыш
  • 150 гр. өсімдік майы
  • 2 шай қасық лимон шырыны
  • 2 шай қасық 5%-дық сірке суы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Жұмыртқаны жарып, ақ уызы мен сары уызын бөліп аламыз. Сары уызын табаққа салып, оған сірке суын, қыша тұздығын және тұз бен қара бұрышты қосу керек.
  2. Сосын барлығын венчикпен араластырамыз. Араластыру барысында өсімдік майын аз-аздан құйып отырамыз.
  3. Өсімдік майын қосқаннан кейін біркелкі массаға айналғанша араластырамыз.
  4. Кейіннен 2 шай қасық лимон шырынын тамызып, дәміне қарай қажет болса тұз қосамыз. Сонда майонезіміз де дайын болады.


Диеталық майонез


Қажетті өнімдер:

  • 3 дана жұмыртқа
  • 15%-дық 150 гр. қаймақ
  • 1-2 шай қасық сұйық қыша
  • Азырақ аскөк
  • Дәміне қарай тұз бен сарымсақ қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен жұмыртқаларды қайнатып, қабығын аршып аламыз. Сосын жұмыртқаларды блендермен майдалау керек.
  2. Осы езілген жұмыртқаға қаймақты саламыз да, венчикпен араластырамыз.
  3. Азырақ қыша қосамыз. Содан соң тұз бен сарымсақ саламыз. Сарымсақты блендермен жақсылап майдалап алу керек.
  4. Мұндай майонезді әркім өз қалауына қарай жасай алады. Мысалы, сарымсақты ұнататындар, сарымсақты көбірек қосып, қоюлау немесе сұйықтау жасаймын десе де өз еркінде. Ең бастысы майонезді үйде жасауға ынта болса болғаны.


Алма қосылған майонез

Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. алма немесе 100 гр. алма езбесі
  • 200 мл өсімдік майы
  • 1 ас қасық қыша
  • 0,5 шай қасық лимон шырыны
  • Ұнтақталған куркума
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш, қант қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен алмадан езбе дайындап аламыз. Содан соң пешті 180 градусқа қойып, қыздырамыз.
  2. Алманы фольга қағазына орап, 100 мл су құйып, пешке салып пісіреміз. 30 минутта алмалар да дайын болады.
  3. Піскен алмалардың қабығын, дәндерін алып тастаймыз. Сосын баспалы блендермен алманы еземіз. Осылайша алма әбден езілгенше блендермен мыжғылаймыз. 100 гр. езбе шықса болғаны.
  4. Алма езбесіне қыша, лимон шырыны, куркума мен тұзды салып, өзіңізге ұнайтын дәмдеуіштерді қосып, жақсылап араластыру керек. Азырақ қант немесе бал қосуға да болады.
  5. Осы араласпаға өсімдік майы мен ұнтақталған қара бұрышты салып, тағы да блендермен араластырамыз. 2-3 минутта майонез де дайын болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ЖЕМІС-ЖИДЕКТЕР қосылған ҚҰЙМАҚТАР


Стақандағы «ҚЫЗЫЛ БАРҚЫТ» тәттісі