Бұл салт тікелей жас балаларға арналған.
фото: stock.adobe.com
Қазақта бүйрек сыбаға деген дәстүр бар. Оны қазіргі кезде көп естімейміз. Өйткені, сыбағаның не екенін білгенімізбен, оның да түрлері көп. Жиі қолданылатын сыбаға бар да, ұмытылып кеткендері де бар.
Солардың ішінде сыбағаның «бүйрек сыбаға» деген түрі қандай мақсатта берілетінін білетіндер көп емес.
«Бүйрек сыбаға» көбінесе соғым сойылған кезде беріледі және жас балаларға. Қазақтың даналығын көрсететін керемет дәстүр осы емес пе?
Соғым иесі әулеттің үлкендеріне, сыйлы кісілерге соғымнан арнайы сыбаға жіберетін болған. Немесе үйіне қонаққа шақырып, соғымнан дәм татқызып жіберген.
Сонымен қатар, соғым сойылған үйде көрші-қолаңнан бастап, ағайын-туыстың, ауылдастың балаларын да ескерусіз қалдырмаған. Оларға соғымнан арнайы бүйрек, бауыр, жүрек және ет араластырып, арнайы балалардың көңілін көтеріп, оларға да мейрам ұйымдастырған.
Жалпы бұл салт-дәстүрдің түпкі мағынасы, мақсаты «бүйрегі бұрып тұрсын, бауырмал болсын, жақындарына, көрші-қолаңына жаны ашып тұратын мейірімді болсын» деген ниетте балаларға тәрбие беру. Жанашырлыққа, бауырмалдылыққа, көмек қажет болғанда бір-біріне көмек қолын созуға үйрететін тамаша дәстүр.
фото: smile-cafe.ruЗейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабында бұл туралы кеңінен тарқатылып айтылған. Қазір мүлде ұмытылған, ертеде ел ішінде болған салттың бірі – «бүйрек сыбаға» деп аталған. Бұл салт тікелей жас балаларға арналған.
«Дастарқаны қазақтың - бөлінбеген еншісі» дейтін дала қағидасын берік ұстанған ата-бабамыз барын басқамен бөлісуді өзіне парыздай санаған. Айтайық, қысқы соғым кезінде жасы үлкен жақындарға, ел қадірлеген ақсақалға сыбаға жіберу, соғым басына бауыр-туыс, дос-жаранды шақырып дәм татқызу - ертеден қалыптасқан ежелгі дәстүр. Татулық, сыйластыққа дәнекер болатын мұндай жақсы дәстүр тек үлкендерді ғана емес, жас балаларды да елеп-ескерген екен.
Соғым иесі дос адамның не аралас-құралас отырған көршісінің баласына соғымның бүйрек-жүрегіне ет араластырып сыбаға жіберді. Мұның өзі баланың көңілін көтеріп, мерейін өсіріп, жағымды әсер береді екен, өйткені жеке сыбаға атап құрметтеп тұр.
Қарапайым, бірақ ынтымақ-бірлігі нығайта түсетін мәні бар тәрбие үлгісі екен.
«Бүйрек сыбаға» деп кейде жай ғана «бүйрек» дейтін салтты күні бүгінге дейін ұмытпай жүргенім - анамның жыл сайын соғым кезінде көрші-көлемнің баласына сыбаға дайындайтынынан.
Бір жолы:
-Бұл не үшін керек?-деп сұрадым.
Сонда ол кісі:
- Бала деген бүгінгінің кішісі, ертеңгінің үлкені ғой. Солар жүректі, қайратты болып өссін, айналасына бүйрегі бұрып тұратын жанашыр, мейірімді болсын, бабалардан қалған жәдігер рәсімдерді біліп жүрсін деген ақ ниетпен жасалады бұл дәстүр. Содан кейін бүйрек, жүрек деген еттен де нәрлі, сіңімді, бала асқазанына ауырлық түсірмейтін жұғымды қоректер, - деп еді.
Құдайға шүкір, бүгінде шамасы келген қазақ соғым соймай қарап отырмайды. Соғым басына көңілі жетерлерді шақыру да - ізі суымай, сүрлеуі тапталмай келе жатқан кісілікті дәстүріміз. Өзім үлкен шаңырақтың қазанын ұстап отырғандықтан мүмкіндігімше салт-дәстүрді ұстауға тырысамын. Десе де, ойға алғаным орындалмай көңіл шіркін ойсырап қалатын кез де болады. Сөзім нақты болуы үшін айтайын, баяғы анамнан көрген «бүйрек сыбағаны» жалғастырғым келіп, жастары менен әлдеқайда кіші болса да, көршінің екі баласына сыбаға апардым. Бұл салттың мән-мағынасын тәптіштеп түсіндірдім.
Өкінішке қарай, көрші келіншек:
«Ой, апай, біздің үйдің балалары мұндай нәрселерді жемейді, олар түгілі өзіміз де жемейміз», - деп қарап тұр. Қағылған қолымды қайта созып ұқтыруға құлшынбадым, шындығында, ары қарай сөзімді қор еткім келмеді. Тек санасы кемтар адамға қазақтың салтын ұсынғаныма өкіндім.
Дәстүріміздің кейбірі осылайша ұмытылып бара жатқанына әрине қынжыласың. Қазақ болып туғандықтан, әрбіріміз қазақтың салтын ұстанып, оны кейінгілерге аманаттап, мұраға қалдыра білсек, ұл ретінде ешқашан жойылмайтынымыз анық.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
«АТАУ-КЕРЕ» дегеннің мағынасын білсеңіз, бұлай айтпас едіңіз