​КӨКТЕМ мезгілінде орындалатын ДӘСТҮРлерді білесіз бе?

0
4 327

Қыстың қаһары қайтып, күн жылына бастаған мезгілдің өзі қазақ үшін мереке.


​КӨКТЕМ мезгілінде орындалатын ДӘСТҮРлерді білесіз бе?

фото: old.aqmeshit-aptalygy.kz


Көктем шығып, жер бусанып, жаңа тыныс ашылғанда ата-бабаларымыз әртүрлі салт-дәстүрлерді, ырым-тыйымдарды қолға алған.

Көктемнің басында орындалатын дәстүрлердің бірі - «Қап қағар» деп аталады. Немесе ет қайтар деп қыстан қалған соғымның соңғысын асып жейтін, көрші-көлемді шақырып, сол асты бөлісіп жейтін әдет болған. Әдетте қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Сол аз етті қаптан алып, асады, яғни бұл «ет азайды» деген ұғымды бiлдiредi.

фото: bilimdiler.kz


Қолындағы соңғы асы болса да бөлісіп жейтін қазақтың дархандығы осындай керемет дәстүрлер арқылы айқындала түседі. Бұл әрине туыстықты, бауырмалдылықты, мейірімділікті арттыратын көрініс.


«Шөміш қағу» ырымы. Бұл ырым күн жылына бастаған сәуір айларында жасалынады. Сол кезде жиі жаңбыр жауып, көкте жасын ойнайды. Мұндайда ел-жұрт еңсе көтеріп, жадырай серпілісіп: «Күн күркiредi, көк дүркіреді», - десiп жатады. Осыған орай жасалатын ырымды «шөміш қағу» деп атаған. Үйдiң босағасына, мандайшасына, табалдырығына шөмішті тигізіп:

Құдайым, жарылқа!

Береке мол болсын,

Ынтымақ артсын,

Адалдық болсын, амандық болсын,

Ырзық көп болсын,

Уайым жоқ болсын, - десiп игі тілегін айтқан.


Жетпіс тас ырымы - қуаңшылықта жаң­быр тілеп өзенге тас лақтыру ыры­мы. Ертеде қасиетті жұма күні жаң­бырды шақыру мақсатында өзен, көлдердің жанында қой сойы­лып, тасаттық беріледі. Сол кезде молда Құран аяттарын оқиды, оқылған әр аяттан кейін балалар суға бір тастан лақтырып отырады. Лақтырылған тастардың саны жетпіс болуы - міндетті шарт.


Қоздату - саулық қойдың көктемдегі жаппай төлдеуі мен қозы аяқтандыру науқанына қатысты айтылатын ұғым. Қоздату науқаны еліміздегі аймақтарының климаттық жағдайына байланысты, наурыз айынан басталып, мамыр айына дейін созылады.


Сонымен қатар, көктемге Қазақ халқы Наурызға қарсы үй ішін, қора-қопсысын, ауыл-аймақты тазалаған. Өздерін де ретке келтіріп, шашын алып, жаңа киім киген. Онымен қатар, рух тазалығына да мән беріп, қарызын өтеп, жасаған күнәлары үшін кешірім тілеп, тәубесіне келетін болған.

- Наурыз мерекесінде қар жауса, ол жылдың берекелі, ырысты, құтты болатынын аңғартқан.

- Ұлыстың ұлы күні жауған қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктемнің ерте келерін, батпай, бетінде жатса, көктемнің қырық күн кеш келетінін білдіреді.

- Көктемде алғаш найзағай ойнағанда, бақыт пен ақ мол болсын деп ырымдап үй іргесіне сүт құйған.

- Қазақ ұғымында көктемгі уақытта ашық аспан астында ұйықтауға болмайды. Көктем - қыс пен жаздың, суық пен ыстықтың арасындағы шекара. Далада түнеген адамның бет-аузы қисайып, жан ауруына душар болады деп сенген.

- Отардағы түлікке салқын тиіп, ауырыуы мүмкін деген сеніммен көктем уақытында малшы далаға жалаң бас, жалаң аяқ шықпаған.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ҚҰДАҒИ ЖҮЗІКті» кім тағуы керек


СЫНЫҚ АЙНАҒА ҚАРАМА: бұл ТЫЙЫМдардың мәні бар