«ҚҰДА ТАРТУ» деген осы ма?
иллюстрациялық сурет: salt-dastur.kz
Қазақта жаман ырым, жарамсыз кәде жоқ. Дегенмен, дәстүрді жаңғыртамыз деп артық кетіп жатқан тұстарымыздың бар екендігін де жоққа шығара алмаймыз.
Қазақтың дәстүрі, кәдесінің басым бөлігі сол той төңірегінде екені де шындық. Жөн-жосықты білетін, дәстүрді дәріптей білетін көргені мол кісілердің үйреткенін санамызға тоқып, келер ұрпаққа үйретсек, соның өзі керемет, салт-дәстүрімізге деген құрмет.
Қазақ қазақ болғалы құдалық тойы, қыз ұзатып, келін түсіру секілді той-думандары жалғасын таба бермек.
«Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» деп құдалықтың мәні мен мағынасын аса қадірлеп, сыйласып келген.
Енді сол құдалық рәсімінің «құда тарту» кәдесін жасар кезде кейде көңілге қонымсыз жағдайлар орын алып тұрады. Оның да жөнін білмей, кәдесін жасап жатырмын деп жаңадан құда болып келген «бейтаныс» жандарды ыңғайсыз жағдайға қалдыруға да болмайды.
Қазақтағы «Құда тарту» дәстүрі - дүние алу, құдаларды қылқындырып мойнына орамал салып сүйреу, қорлау не қорқыту емес. Қайта бір-бірімен терең танысып, бірін-бірі сыйлау, мың жылдық құда болу, соған құрмет ету. Құданы жұлқылап, мойнына орамал не арқан салып сүйреу қазақтың «Құда тарту» дәстүрінде жоқ салт.
Көп жерлерде «құда тарту» дәстүрін «құдамен арқан тарту» деп түсінеді. Негізінде бұл дәстүрдің шығуы құдалардың көңілін көтеріп, олардың бар өнерін ортаға салып тамашалау. Егер құданың қандай да бір өнері болмаса, ортаға шығарып билетуден шыққан болса керек.
Күйеуімнің нағашы жұрты қыз ұзатып, сонда тойға барған едік жақында. Сол жерде осындай салттың бар екенін білдім ғой. Әркім әртүрлі кәдесін жасап, жолына қарай құдалардың сыйы мен сияпатына бөленіп жатыр.
Ал маған кезек келгенде нағашы жеңгеміз «арқан тарту» ырымын жаса деп қолыма ұзын орамал ұстатты.
Өмірімде мұндай нәрсеге араласып көрмеген мен алғашында түсінбей қалдым. Бұл орамалды мен не істеймін деп.
Сосын әпкелеріміздің бірі «осылай құданың алдына барып, орамалды мойнына саласың. Ол саған ақша ұсынады. Құдалықтың бір ырымы бұл да» деген еді.
Ыңғайсыздансам да үлкендердің бұйрығын орындадым.
«Бұл қандай дәстүр екен, неліктен бұлай жасайды?» деген сұрақ мазаламай қоймады. Содан ізденіп, әлеуметтік желіден этнограф Б. Бопайұлының осы дәстүр жайында түсіндірмесін таптым.
Қысқаша айтқанда «Құда тарту» дәстүрі туралы «Жігіт жақтан құда түсіп келген құдалардан сол жөн-жоралғы алу үшін қыз жақтың әзілқой жеңгелері құдалар отырған үйге кіріп, кәде сұрап, ән айтып, би билеп, күй шертіп, жұмбақ жасырып, оны шешіп беруін өтінеді. Келген құдалар құдалық той дастарханын думанға бөлеп, бойындағы бар өнерін көрсетеді. Ал өнері болмаған құдалар кәде жолын беріп, басқаларды тыңдап, әңгімесін айтып отырады. Қазақ мұны «Құда тарту» деп атайды», - дейді ол.
Этнограф «Құда тарту» дәстүрін жасаймыз деп артық кетпеу керегін де еске салды. «Қазақ құда-құдағи, құда бала, құдашаларын, үлкенінен кішісіне дейін ерекше құрметпен қарсы алады. Оғаш ерсі қылықтар жасамайды. Әдепсіздік көрсетпейді. Құдалық жақсы басталса, екі жас бақытты болады. Өмір бойы ренішсіз өтеді деп ырымдайды. Сондықтан құда келген үйге құт ілесе келеді. Жаман қылық, әдепсіз іс жасаса, сол үйден құт кетеді, бақ таяды деп сенеді де, құдалардың қас-қабағын күзетіп ренжітпей аттандыруға тырысады», - деп қорытындылаған екен.
Сол себептен, дәстүрді орындап жатырмыз деп артық кетуге де болмайды. Мойынға жіп немесе арқан, орамалды шиыршықтап салу дегенді жаман ырымға балаймыз ғой.
Ал құдайымыздай сыйлайтын құдаға бұлай істеу дұрыс па, бұрыс па, ол жағы да белгілі болып тұр.
Жаңадан құрылған шаңырақтың бағын шайқайтын жаман ырымды атқармау керек. Дәстүрді жағыртамыз деп жаңсақ басып жаңылмаумыз керек. Салт пен дәстүрді бұзбаған дұрыс. Сондықтан мейлінше құдаларға сый-құрмет көрсетіп, оғаш әрекеттерден аулақ болсақ ешкім де өкпелі болмайды.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз: