​«НЕКЕ СУЫН» ішкен адамның ТІСІ АУЫРМАЙДЫ»

0
801

Неке қию дәстүрі сонау Адам ата мен Хауа анадан бастау алған.


​«НЕКЕ СУЫН» ішкен адамның ТІСІ АУЫРМАЙДЫ»

фото: centerpremium.kz

Бала кезімізде ағаларымыз үйленіп немесе ауылда беташар бойы болса, шапқылап «той көреміз» деп жүруші едік қой. Сонда есімде қалғаны жас келін түскен соң, жағалай отырған адамдар әлдебір кеседегі суды кезектесіп ішіп жататын. Алдымен күйеу жігіт, соңынан қалыңдық, одан әрі қарай сол жерде неке қиюдың куәсі болып отырған жас-кәрінің бәрі де неке суынан дәм татып жататын.

Сол кезде мұның мағынасын түсіне қоймайтынбыз. Кейін есейе келе үлкендердің айтуымен «осы кеседегі суды ішсең, тісің ауырмайтын болады» дегенін де көп еститін болдық. Бұл наным-сенім шығар, ал біз шынымен сол сөздерге сеніп, таласа-тармаса кеседегі неке суына ұмтылатынбыз.

Қазір ойлап отырсам, балалық-ай дейміз, бірақ осының астарында бір ақиқаттың жатқаны анық шығар деген ой келетін болды.

Неке қию дәстүрі сонау Адам ата мен Хауа анадан бастау алған.

Аңызға сүйенсек, Адама ата мен Хауа ана жұмақта жүріп, күнәға ұрыныпты. Олар Ұлық Алла тыйым салған жемісті жеп қойып, пейіштен қуылады. Адам ата Үндістандағы Саринджап деген тауға, ал Хауа ана Жиддә тауына түседі. Екеуі ұзақ уақыт екі құрлықта кездесе алмай жүреді. Бір күні Ұлық Алла оларға мейірім шапағат етіп, екеуін Жиддә тауының етегінде, бір бұлақтың қасында жолықтырады. Екеуінің жұптық өмірі адал болып, ұрпағы текті болуы үшін Ұлық Алла олардың некесін қиюға Жебірейіл періштені жібереді.
Жебірейіл періште келіп:
– Уа, Адам! Мен сендердің некелеріңді қию үшін келдім. Бүгін сендер Алланың бұйрығымен бір-біріңе адал жар боласыңдар. Өмірде барлық бейнетті де, зейнетті де бірге көресіңдер. Ұрпақ өсіріп, жер бетіне тарайсыңдар, – депті.
Некеге куәгер болу үшін Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер келеді. Неке қиылар алдында Адам ата мен Хауа ана кәлима айтады. Бір-біріне ықтиярмен қосылғанын растайды. Жебірейіл періште неке дұғасын оқиды. Кесеге құйып, жәннаттың бал татыған суын әкеліп:
– Махаббаттарың балдай тәтті болсын! – деп ішкізеді.

Олардың неке қию рәсіміне куә болған Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер:
– Екі жастың ықтиярмен қосылғанына біз куәміз, – дейді. Жәбірейіл періште:
– Екі періште Тәңірі алдында сендердің некелеріңнің растығына ант берді. Екеуінің есімін есте сақтаңдар. Қияметте сұралады. Зорлықпен неке қиғандар жауапқа тартылады, – деп неке қию рәсімін аяқтаған екен.


Осыдан бастап мұсылман қауымында екі жұп үйленгенде құтпа оқып, кәлима айтып, куә тартып, тәтті су ішу рәсімдері дәстүрге айналған екен.

Қазақ арасында бұл дәстүр күні бүгінге дейін берік сақталған. Молдалар неке қиғанда куәлікке туыстары не болмаса жақын жолдастары тартылады. Олардан жастардың ықтиярын сұрағанда:

– Куә, куә, куә-дүрміз,
Куәлікке жүрә-дүрміз.

Бүгін халық алдында,
Ертең Тәңірі алдында
Ақ некенің қиылғанына жауаптымыз, – деп жауап береді.

«Некелері тәтті болсын» деп, Адам ата мен Хауа ана ішкен жәннаттың суындай бал татитын, құрамына көп қант қосылған, ішіне күміс теңгелер салынған неке суын ішкізеді.

Сосын куәларға, айнала отырған жұртқа судан ауыз тигізеді. Суды ең соңғы болып ішкен адам кесе түбіндегі теңгелерді иеленеді.

фото: zhuldyzfm.kz

Байырғы қазақ қоғамында неке қиюға молданы қыздың әке-шешесі шақырған. Некеқияр рәсімі қалыңдықты аттандырар күннің алдында «қыз қашар» немесе «тартыс» ғұрыптық дәстүрлі ойынынан кейін кешкісін жасалады. Неке қию әдетте ойын-сауық үшін құрылған «болыс» үйде, яғни қыз әкесі ағайындарының бірінің үйінде орындалған. Неке қиылғаннан кейін жас жұбайларды отау үйге апарған, алғашқы түнді өткізу де қыз әкесі ауылында орындалған.

Неке қиюшы молда мен некелесушілер арасында келіссөз жүргізушілер есебінде «куәгерлер» жүреді. Некеқияр кезде eкi арада жүретін eкi куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін «неке қияр сөз» немесе «куәлік сөз» деп айтады. Бұл әнмен айтылмайды, бipaқ өлеңше ұйқасқан, бip қалыппен айтылады.

Қазақ дәстүрінде некелесушілердің екеуі де ұялып, әдептілік сақтап, келісімін дауыстап айтпайды, тіпті келісімін ишаратпен үндемей жеткізген. Жастардың ұялатынын білетін куәлер батыл түрде «ол келісті» дейді молдаға.

Неке дұғасының мәні «екі жасты бақытты қыла гөр» деген тілек. Неке қиюдағы басты ғұрып, неке одағын «неке суын» ішкізу арқылы бекіту. Бұрынғы кезде неке суына әдетте аздап тұз, қант қосқан екен. Су – екі жастың пәктігіне, тұз – екі жастың бірі келешекте опасыздық етіп, некені бұзса, дәм атуына, қант – екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне деп ырымдалған, ал сақина неке ескерткіші, некені мәңгілік еске түсіріп тұратын белгі ретінде саналған. Күйеу мен қалыңдық ыдыстың бір жерінен ішу керек. Бұл олардың ендігі жерде бірге болатындықтарын білдіреді. Қазақ халқының неке қиюындағы маңызды мәні бар ғұрып жерге «садақ шаншу», неке суына «садақ батыру» неке сертінің берік болуын меңзейді. Ал садаққа қыл байлау, екі жастың арасынан су өтсе де, қыл өтпесін, неке суына ақ орамал жабу некелік жолдары ақ, пәк болсын деген сеніммен жасалады.

Некеқияр дұғадан соң молда күйеуге қарап, жұбайлық өмірде келісім әйеліне қамқор болуға өсиет айтады. Некеқияр аяқталған соң қыз ата-анасы күйеу жігітке «құлыңызға бір сүйек бердік, мұны жақсылап күтіп бағыңыз, азар беріп, ұрма, жаман сөйлемеңіз» – дейді, қыздарына «балам, жаман болма, атаңа нәлет келтірерсің» – деп, ақыл-кеңес берген. Некесі қиылған соң қалыңдықты жеңгелері тігілген отау үйге алып барады. Осылайша ежелгі дәстүрде неке қию да, алғашқы түн де қыз әкесінің ауылында өткен. Ертеңіне қалыңдық шешесі және күйеу жақтан келушілермен бірге күйеу ауылына аттанған. Қызын ұзатып, некесін қиюға сәтті күн деп тамыздың соңынан қыстауға көшетін уақыт аралығындағы сәрсенбі мен бейсенбі күндері есептелген. Бұл кезде мал күйлі болған. Бізге келіп жеткен деректерге сүйенсек, жаз уақытында ұзату тойы сирек болған, жаз жайлауда өрмек құрып, кілем, ши, алаша тоқылып, жасау әзірлеген.

Неке қию қалыңдықты аттандырар бұрын «отаусалар» дәстүрінің алдында өткізіледі.

Қазіргі кезде бұл ғұрыптардың көбі өзгерді, дегенмен, неке қию, неке суын ішу әлі де бар.

Дайындаған: Г.Жұмаділаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қыз ЖАСАУына неге ҚАЗАН қоспайды?


Ұзату тойында «Келер жылы ШІЛДЕХАНАДА КЕЗДЕСЕЙІК» деп тілек айту - әдепке жат