Бұл дәстүр ҚҰДАЛАСТЫРА ма?
Бүгінде қыз бен жігіт сөз байласып, шаңырақ көтеруге бел байлаған соң некелеспей, қыз келін боп босаға аттамай тұрып алдымен «Тәтті шай» ұйымдастырылатыны дәстүрге еніп кеткен десе де болатын шығар. Ол не үшін қажет? Қайдан шыққан дәстүр? Мұндай салт еліміздің барлық аймағында бар ма?
«ТӘТТІ ШАЙҒА» кім келеді?
Әдетте мұндай шайға қыз бен жігіттің анасы, жеңгесі мен әпкесі келеді. Бірақ кейде бұған көп болып араласып, арқасы кішігірім құдалық сияқты жиынға ұласып кететін жағдай да кездесіп жатады.
Себебі сол, тойда орындалатын салт-жоралғылардың көбіне әйелдер қауымы атқаратын болғандықтан шығар, бұған ер-азаматтардың онша араласа қоймайтыны. Дегенмен, қазір болашақ құдалар да мұндай шайда төбе көрсетіп қалып жүр.
«ТӘТТІ ШАЙДА» не айтылады?
Оңтүстік өңірде алыс-берісі көп болғандықтан, ертеңгі күні құдаласатын екі жақтың бір-біріне реніш тумайтындай, көңіл қалмайтындай болуы үшін, әрі-беріден соң қалыңмалы мен киіт-тоғыз сияқтыларын нақтылап келісіп алатын отырыс дер едім. (Шынымды айтсам, өзім осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын тұрмысқа шығарымда анам мен болашақ енем алдын ала танысып, бір-бірінің жағдайына орай артық-кемге барыспай жөн-жоралғы жасауға келіскен болатын - автор).
Одан қала берсе, екі жас шаңырақ көтергенде тойдың жасалуы, олардың болашағы сияқты жағдайлар да аздап талқыланып, ертеңгі күні түсініспеушілік туындамауының да алдын алатын отырыс болуы керек секілді. Мәселен, тұрмысқа шыққалы отырған қыздың немесе үйленетін ұлдың әлі аяқталмаған оқуы болуы мүмкін. Егер ақылы оқып, оны ертеңгі күні төлей алмай орта жолда қалып жатса немесе оқуына бара алмай қол үзіп қалса, ол да мәселе туындатып жатады емес пе?
Сондай-ақ қара шаңырақта бірнеше жыл тұрып, өз қолдары ауыздарына жеткенше ата-анадан қолдау қажет ететін жас отбасылар бар. Арбасын өзі сүйреп кететіндер де бар, әрине. Жұмыс пен оқу деп ертерек қолдан шығып кететіндер де жеткілікті. Олардың жағдайына қарайласу, ортақ шешімге келіп, аздап қолдау көрсетіп жіберу секілді жағдайлар айтылып, ашық сырласатын шай ішу болса, қанекей?!
«ТӘТТІ ШАЙ» атам қазақта болған дәстүр ме?
Мұның қашан және қалай пайда болғанын ешкім тап басып айта алмаса керек-ті. Ғаламтордан іздесек, уикипедияның: «Тәтті шай — бұл дәстүр Оңтүстік Қазақстанда кейінгі кезде енген. Құда шақыру дәстүрін той болғаннан кейін екі-үш жылдан кейін жасайтын екі жақты құдалар бірін-бірі тәтті шайға шақырады. Екі жақтың бір біріне жақындары келеді. Бұл шақырудың мақсаты — туысқан болғандықты білдіреді. Дастарқан басынан бірге дәм татып, бір-бірімен танысады», ақпараты алдыңнан шығады.
иллюстрациялық фото: egemen.kz
Әрине, мұны негізге ала салуға болмас. Ал көрнекті этнограф-ғалым, жазушы, сыншы, педагог және мәдениет қайраткері Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" атты кітабында «Тәтті шайға» өзгеше сипаттама беріліпті.
«Кейде ата-ананың келісімінсіз, қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылуға, яғни, кешірім сұрап, келісімге төрт-бес адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, ата-бабалардың салған жолы деп дәлелдеп, қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып, жігіттің ауылына шақыратын болған, оларға кең дастарқан жайған. Бұл рәсім "тәтті шай" деп аталады. Демек, бұл атына сай, құда-құдағилардың танысу, білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайы әңгіме болады. Тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға беріледі» делінген этнографтың кітабында.
«ТӘТТІ ШАЙДЫҢ» қызықтары
«Ел құлағы - елу» болған соң осынау жаңа дәстүрдің қызығы мен шыжығы да көптеген әңгімеге арқау болғаны шындық. Оның түпкі мақсаты орындалғаны да, тәтті болуы тиіс шайды «ащыға» айналдырып жіберген сәттері де кездеседі, ел арасындағы әңгімеге құлақ түрсек.
Құдалар ұрысып, екі жас айырылысып кеткен
Кезекті бір «тәтті шайға» жиналғандардың арасында келіспеушілік боп қалса керек, әлі құйрық-бауыр жеспеген, төс қағысып үлгермеген болашақ құдалар сөзге кеп қалып, бір-бірімен мүлде баталаспайтын болып кетіскен. Нәтижесінде, сөз байласқан қыз бен жігіт те уәделерінен тайып, күткен той болмай қалыпты.
Қалыңмалға келіспегеннен қызын бермей қойған
Енді бір шыжығы – көптің талқысына аямай түсетін қалыңмал себеп болыпты. Үйленетін жігіттің анасы бар жағдайын айтса да, «мен ағайын-туысыма не айтамын» дегеннен қайтпаған болашақ құдағи қызын жетектеп шығып кеткен көрінеді.
Арғы жағы белгілі, «қалыңмал үшін дастарханнан аттаған» деп ұлының таңдауына анасы да қарсы болады. Сонымен, ол шаңырақ та көтерілмейді.
Жаңа заманның жаңа «тәтті шайы»
Бұл оқиғада қыз бен жігіттің ақылдылығы әлде заманын түлкі болып шалғаны дейміз бе? «Тәтті шайға» келген ата-аналарын алыс-беріс жасамауға үгіттеп көндіріп, қалыңмалға деп атағанына өздері ақша қосып, әке-шешелері өткізіп берген тойдан соң шетелге қыдырып келіпті. «Ұмытылмас естелік болды. Ертең бала-шаға көбейгенде баруға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол шешімге ешқашан өкінбейміз. Ал қыз жасау, анау-мынау шүберек дүниеге келсек, бәрін өзіміз аламыз. Өзіміздің еңбекпен тапқан дүниеміз қадірлі болады, әрі оларға да салмақ түсіргіміз келмейді. Ата-анамызға ешқандай өкпеміз жоқ», - дейтін көрінеді жастар.
Ата-аналары да жастардың мұндай шешіміне қуаныпты.
«Тәтті шай» ішеміз деп барып, соңы ащы сөзге ұласып кетуден сақтасын. Бір-бірін қалаған екі жастың аяғын кейбір «қалтаға тәуелді» жоралғы-салттармен байламай, керісінше, тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді саналарына қайта жаңғырта құйып отырып орындағанға не жетсін?!
«Әр елдің салты басқа», қазақ елінің өзінде осынау дәстүр түрліше көрініс табуы мүмкін. Сіздің аймақта қалай, құрметті оқырман?!
Ә.Уалиханқызы,
Оқи отырыңыз: