​«Тілашар» тойын дұрыс жасап жүрміз бе?

0
33 179

«О заманда, бұ заман, мектепке баратын балаға той жасаушы ма еді?» дейтіндерге төмендегі материалда толық мәлімет жазылған.


​«Тілашар» тойын дұрыс жасап жүрміз бе?

фото:home.mixedsales.ru

«Тілашар» дегеннің қандай той екенін білгенімізбен, тарихы қашаннан басталады, дәстүрімізде болған ба, ол жағын білмейді екенмін. Бір білетінім, соңғы кездері үлкенді-кішілі бір қауым елдің білім сапарына бет алған кішкентай баланы ортаға алып, оған ақ жол тілеп, үлкен той жасап жатқаны белгілі. Сансыз тілектер мен аталы сөздер құлағына құйылып, дуалы ауыздардан бата алған бала ертеңгі күні ата-анасының, елдің мерейін өсіреді деген үмітпен жасалатын салтанатты жиын. Қуаныштың куәсі болғандардың осындай той бізге де жұғысты болсын деп армандамайтыны жоқ шығар.


сурет:yvision.kz

Біз де жолдасымыз екеуміз биыл мектеп табалдырығын аттайтын қызымызға «Тілашар» той жасаймыз деп дайындыққа кірісіп кеткен едік. Бірақ бұл шешімімізді үйдің үлкендері құптай қоймады.

Қайын атамның «Елден ұят болады, не болса соған той жасап, жұртты әуреге сала бере ме екен?! Той жасағыш болсаңдар, келесі жылы мына бала беске келеді, осыған сүндет той жасайсыңдар, ал мына тойды тоқтатыңдар» деп шорт кесіп райымыздан қайтарды. Үлкендердің алдында үндемей, айтқандарына сөзсіз келіскеніммен, ішімде «О заманда, бұ заман, мектепке баратын балаға той жасаушы ма еді?» деген енемнің сөзі қалып қойды. Расында, осы қандай той екен деп, ғаламтордан біраз ақпарат іздеп едім.

Білгенім бойынша, бір кездері енді-енді тілі шығып келе жатқан баланың ата-анасы «жылдам сөйлеп кетсін, шешен болсын» деген ырыммен тілашар тойын жасаған екен. Арнайылап дастархан жайып, аузы дуалы үлкендерді шақырып ас беріп, соңында балаға бата сұраған. Сонда олар сәбиге: «тілің тез шықсын» деп қойдың піскен тілін, «шешен бол» деп таңдайын, «көреген бол» деп көзін жегізетін болыпты. «Сөз тыңда, айтқанды құлағыңа құйып алатын құйма құлақ бол» деп құлақтан дәм татқызады екен. Осыдан кейін ата-анасы баламен сөйлесіп, алдымен оған түрлі сөздерді, дыбыстарды қайталатып, кейін сөз тіркестері мен сөйлемдерге көшетін болыпты. Дұрыс-ақ, логикалық тұрғыдан алып қарағанда, «Тілашар» атауы да сәйкес келіп тұр. Ал, біздер қазір сөйлегенде сөздің түбін түсіретін, қақсап миыңды ашытатын алты-жеті жасар балаға тілашар жасап жүрміз ғой. Сонда оның дұрыс болмағаны ма? Осы ойдың келуі мұң екен, әр нәрсені арыдан ойлайтын ата-енеме іштей риза болып қалдым. Бірақ, ізденісімді тоқтатпадым.

фото:elana.kz

Атыңнан айналайын, қазақ келіндерінің бет-бейнесі болуға лайық Зейнеп Ахметова апамыздың пікіріне де тап болдым. Ол кісінің «Шуақты күндер» кітабы оқушы кезімнен сүйікті шығармалар қатарында болатын. Өзім бір әулеттің келіні болған соң, мен үшін құндылығы арта түсті. Іші тұнып тұрған тәрбие. Тәрбие болғанда да, нағыз қазақы, нағыз азаматтық тәрбие. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, осындай еңбектің авторы, қазақ әйелдерінің энциклопедиясына айналған жанның тура Тілашар той тұрғысына келгенде қателесуі мүмкін емес, айтса, бір білгені бар болғасын айтқан шығар деп ойлаймын. Сөздеріне иландым. Сіздердің араларыңызда да «Тілашар тойы деген не, не үшін тойлау керек?» дейтіндер бар шығар. Сондықтан, Зейнеп апаның ол туралы берген түсінігін айна-қатесіз жолдауды жөн көрдім.

«Баласының қара тануына мән берген халықтың «Тілашар» дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды», – деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдерісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, «сауатсыз едік», «қараңғы едік», «оқымаған надан едік» дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» дәстүрі қайдан шыққан? «Тілашар» дегеніміз баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа-молдалар ұстаған. Алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. «Тілашар» дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.

Таудай болсын талабың,
Ашылсын тілің, қарағым.
Оқу сіңіп санаңа,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,

Ата менен анаңның! – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: «Молдеке, сүйегі – біздікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз», – деп тапсырады екен.

Сонымен Тілашар тойын жасау ешқандай да елден ұят болмайтыны, баланың қай жасында жасалса да, айналып келгенде үлкендердің батасын алу ниетімен жасалатыны белгілі болды. Енді жаңағыдай «О заманда, бұ заман, мектепке баратын балаға той жасаушы ма еді?» дейтіндерге айтар жауапты мен білемін, сіз де білдіңіз.


Айгерім БЕКТҰРҒАНОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

Несібені молайтудың құпиясын біле жүріңіз

ШАЛА туылған сәбиге мына ЫРЫМДЫ жасаңыз