ЖЕТІ немесе ТОҒЫЗ үйден жинап әкелетін МЕРТІК АСты не үшін жегізеді

0
7 800

"Сол "мертік асты" жеп ұлым аттай сауығып кетті"


ЖЕТІ немесе ТОҒЫЗ үйден жинап әкелетін МЕРТІК АСты не үшін жегізеді

фото: present5.com

Ырымдардың шығу төркіні сенімнен туындаған. Ал жақсылықтан үміттеніп, келешегіне сену халқымыздың қанына сіңген қасиет.

Өмірде түрлі жағдайлар болады, соның ішінде біреу оқыстан жазатайым жағдайға ұшырап жатса, жасалынатын ырым бар. Мұны кейбіреулер білмеуі де мүмкін, ырымға сенгенше қазір заман дамыған, ғылым мен білім де қарыштап келеді, сондықтан, өз ісінің маманына бару керек деген секілді сөздерді де естуіңіз мүмкін.

Алайда, ғылым мен білім дамымады, қазіргідей медицина болған жоқ десек те, біздің ата-бабаларымыздың қолданған емін қандай медицина болса да қалпына келтіре алмайтын кездер болатынын жоққа шығармайық.


«Мысалы, қазақта ежелден келе жатқан ырым «мертік ас» деген ас болатынын естігенім болмаса, өмірде қолданып көрмегенмін. Жақында ғана 8-қабатта ілініп тұрған кішкентай қыз туралы оқиға бүкіл жаңалықтар легін шарлап кетті ғой, сонда есіме осы оқиға түсті.


Жайшылықта «ұмыттым» деп жүрген жайсыз жағдайларды еске түсіруге осындай оқиғалар себеп болып жатады». Бұл бір таныс келіншектің айтқан әңгімесі болатын.

фото: shalqar.kz


«Балаларымыз кішкентай еді. Ауылдағы ата-енеміз «енді бара қойыңдар, балаларыңның болашағын қазірден бастап жасауға әрекет жасаңдар. Мен сендерді үйлендірдім, той жасадым, ата-аналық бір міндетімнен құтылдым. Егер әкелерің тірі болғанда, менің бұл міндетім тоқтай қоймас еді ғой, үй алып беруге тырысар едім. Жас отбасын қолдау ата-ананың борышы. Мен сендерді қолдаймын, қолымнан келгенше. Бірақ баспана алып беруге қолым қысқа, басқа да балаларым бар. Осы күнге дейін жеткіздім, жалғызбасты ана болып, төрт баланы бағу да оңай болмаған. Енді қиналсаңдар да, пәтерде жүрсеңдер де, өз пешенелеріңдегі бақтарыңа қарай көрерсіңдер. Ең бастысы, балаларыңа дұрыс қараңдар» деп енем бізге қолындағысынан бөліп беріп, енші беріп шығарып салған болатын.

Содан күйеуім екеуміз студент атанып, бір-бірімізбен танысып-табысқан «ыстық» қаламызға көшіп келдік. Аз да болса, мұнда өмір сүрдік қой, бұрынғы білетін жерлеріміз бар, қай жақта пәтердің бағасы арзандау, қай жерде қолайлы сол туралы да хабарымыз бар.

Содан қаланы біраз білетіндігіміздің арқасында аса қиналмай-ақ пәтер таптық. Бізге де дәл осындай пәтер ыңғайлы еді, бағасы да қалтамызға қарай аса қымбат емес. Мен бір айдай үйде отырдым, жолдасым жұмыс қарастырып келеді. Бір айға жеткілікті қорымызды енем беріп жіберген. Мен балаларға қарап үйде отырдым. Өзім де жұмысқа шығып, күйеуіме көмектесіп, баспана алуға әрекет етейік десем балаларға қарайтын адам керек. Балабақшаға беруге де болар еді, алайда күйеуім қарсылық танытты. «Кішкене өссінші, одан кейін бересің балабақшаға. Қазір балабақшаға сенім болса да, кейбір тәрбиешіге сенім жоқ, жаңалықтардан да көріп жатырмыз ғой» деген соң, өзім де солай екен-ау деп ойланып қалдым. Сосын жұмысқа шығу туралы ұмытуға тура келді. Жолдасым жұмыс істеп, қанша табыс әкелсе де қабағымды шытпай, шүкір етіп өмір сүріп жатқанмын.

Жаз мезгілі болатын. Бір күні түс әлетінде бірі беске, бірі үшке толған екі баламды ұйықтаттым да, көп ұзамай келіп қаламын олар оянғанша деп жақын маңдағы базарға шықтым. Азық-түлік әкеле қояйын деген ойым еді. Жолдасым күні бойы жұмыста, ол келгенше базар да жабылады.

Содан базардан артынып-тартынып, балаларыма да тәттілерден бөлек ойыншық алып, оларды қуантатын болдым деп риза кейіпте есікті ашып, үйге кіргенім сол, тарс еткен қатты дауыс шықты. Аяқ киімімді де шешіп үлгерместен, қолымдағы пакеттерім шашылып ішке қарай жүгірдім. Тұрып жатқан үйіміз де ескілеу үй болатын. Едені сықырлап, жүрген кезде қимылдайтын еді. Әйтеуір қыста жылы, жазда салқын деп қанағат етіп жүргенбіз ғой. Бірақ ескі үйде тұрудың да қорқынышы болады екен. Мен келгенше балаларым ұйқысынан оянып, бір-бірін қуып ойнап жүрген ғой. Есік ашылғанын естіп, тұра ұмтылғанда үлкен ұлымның үстіне қабырғада тұрған ауыр шифонер құлап түскен. Ішінде киім-кешектерден бөлек, азын-аулақ ыдыс-аяқ та сақтайтынмын. Бес жастағы баланың қайбір қауқары бар, өзім де қатты шошыдым. Абырой болғанда ғана шифонердің астында қалып қойған. Жанұшырып ауыр шифонерді жалғыз өзім жылжытып, баламды алып шықтым астынан. Ана баласы үшін күш таба алады екен. Қазір ойласам, қалай ауыр затты көтеріп, баламды алып шыққаныма қайранмын.

Жедел жәрдемді де, күйеуімді де шақырдым. Ұлым ауруханада жатып емделіп шықты. Үйге келген соң біраз қиналдық. Ұлым шошынып, түн баласы көз ілмей шығатын болдық. Анам «шошынып қалған ғой, қорықтық жасап жібер» деді.

Сол кезде енем айтқан болатын. «Мертік асын» жина, сол ем болады деді. Мен түсінбеймін, «ол не?» деп.

«Бұл ырым әлі де бар. Мертік ас, сынық ас деп атай береміз. Егер біреу жазатайым бір жерін сындырып, мертігіп қалса көршілер немесе туыстар, таныстар мертік ас бер, тез жазылсын деп әкеліп береді. Бірақ қалада бұл ырымды өздігінен біліп, дәм әкеліп беретіндер жоқ шығар, сондықтан «мертік асын беріңізші» деп өзің сұра. Жеті үйден не берсе соны әкеліп, балаға жегіз. Тәуір болып кетеді деді.

Осы ырым жайлы білетіндер көп емес, бірақ науқастың жасына қарай «мертік асын жинап, содан дәм татса, сауығып кетеді» деген ырым да бар екен. Ал кейбіреулер сыныққа ғана солай жасайды дейді. Мен енемнің айтқан «мертік ас жина» деген ырымын да, анамның «қорықтық құйғыз» дегенін де орындадым. Қазір Аллаға шүкір, барлығы орнына келді. Сол ұлым қазір он төртте.

Біздің көне көз қарияларымыз бәрінің емін білген ғой, шіркін. Денсаулығына зиян келеді деп қоырқпайсың мұндай ырымнан, керісінше аттай болып шауып кеткен ұлыма қарап, қазақтың осындай ырымы барына, сол білгенін бөлісетін енемнің барына қуандым» деген еді сол келіншек.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ЖОЛАЯҚ», «ЖОЛАШАР», әлде «АЙТҰЯҚ» па?

АҚСАРБАС атау қандай жағдайда орындалатынын білесіз бе?