"Балалығың ұстаса, нағашыңа бар..."
фото: culture.ru
Бұл қаншалықты ежелден келе жатқан салтымыз екендігі белгісіз, бірақ, қазақ қашанда жиенді ренжітпеуге, оны қуантуға тырысқан.
Жиенге қатысты нақыл сөздер де көп, «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деп жиеннің қаны бөлек, басқа елдің адам деп қарағанымен, «Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады майлы болса...» деп өз бауырына тарта да білген.
«Қымыздың жақсысы - сабасынан,
Киіз үйдің жақсысы - ағашынан,
Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген үш ауыз сөзде сартап дала, жусанды қырды мекен еткен лаш ұрпағына өнеге боларлық тәрбие мен тағылым тұнып тұр ғой, расы. Әдетте, ауыл-аймақта баласы бәйгеде топ жармаса «нағашысына тартқан ғой» деп кейде әзілге, кейде шынға айналдырып қағыта сөйлеп жататындар әлі де кездесіп жатады. Ал өткен тарихқа зер салсақ, талай тұлпар мініп, ту ұстаған тарландардың нағашылары осалдан болмағанын байқаймыз. Тектілік пен мықтылықтың барлығы да бала бойына ана сүтімен даритынын қаперде ұстасақ, «нағашысына тартқан ғой» деген сарказмды санадан сылып алып тастауымыз керек.
Расында да «алып анадан туады». Оған ешқандай дау жоқ. Сондықтан да кісілікті бойына дарытқан әрбір адам кішілікті ұмытпай, анасының жұртына, нағашысына бас игені абзал шығар.
Жиенді қуантсаң, оның анасы қуанады. Ал анасы қуанса, төркініне тілеулес болады. Соның арқасында төркіні бай болады, дәулеті артып, жиенге де, өз еліне де сыйы артады.
Сондықтан, жиендеріңізге мейлінше қамқор болып, нағашыларына қыдырып келгенде қуантуға тырысып, төріңізге аунатып алыңыз.
Төріңізге бақ-береке, ырыс-дәулет дариды.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
«НАН АУЫЗ ТИ!» деген қазақы дәстүрді ұмытпайық!
Жүкті әйелге қатысты ырымды, салт-дәстүрлерді ұстанып жүрміз бе?