Бұл сусындарды ішсеңіз салмағыңыз арта түседі.
Көбіміз дәл осы сусындарға келгенде ойлана бермейміз. «Бұл жай ғана су ғой» деп кез келген түрін іше беретініміз жасырын емес. Бірақ та тағамға қарағанда сусындардағы артық калория қауіпті болуы мүмкін екен. Себебі тәтті сусындар бірден ағзаға сіңбей, керексіз жерлерге май болып жабысады дейді мамандар. Міне, сондықтан да кез келген сусынды ішерде алдымен оның құрамына мән беріп алған дұрыс.
Егер сіз сұйықтық ішкен сайын оның калориясын есептемейтіндердің қатарынан болсаңыз, тез арада оның орнын басқа сусынмен алмастыруға тырысыңыз. Мысалы, мына бесеуін мүлде ішпеңіз.
Табиғи шырындар
Апельсин шырыны ағзаға пайдалы, С дәруменіне бай шырындардың бірі. Бірақ артық салмағы барларға бұл сусынды аздан ішкен дұрыс. Мысалы, 1 стақан апельсин шырынын қантсыз ішетін болсаңыз оның калориясы 100 ккал-ны құрайды екен. Сонымен қатар оның құрамында қант көп. Сол себепті де болар диетологтар арықтауды армандап жүргендер мен қант диабетіне шалдыққандарға апельсин шырынын ішуге кеңес бермейді. Егер апельсин шырынын ішкіңіз келсе, оны бүтіндей жеңіз. Сонда ағза жасұнықпен нәрленіп, сіңімі де ұзаққа созылатын болады.
Лимонад
Лимонад - пайдасы аз, құнары көп сусын. Оны бір ішсеңіз тоқтай алмай қаласыз. Өзі тәтті әрі дәмді сусын болғандықтан бір ішкенде 1 литрін бірақ ішуіңіз де ғажап емес. Ал, оның соңы зат алмасудың бұзылуына, қандағы қант мөлшерінің көбеюіне алып келеді. Зат алмасу жұмысы баяуласа денені май баса бастайды. Лимонад ішкіңіз келсе, оның орнына жеміс шырынын ішкен әлдеқайда пайдалырақ екен. Ең болмағанда мұндай газды сусындарға қанталмастырғыш қосылады.
Коктейль
Сүтті коктейльді көбіміз ұнататын шығармыз?! Алайда бұл сусын да тым құнарлы. Оның құрамында көмірсулар мен қант көп кездеседі. Коктейль ішпес бұрын дұрыстап ойланып алыңыз. Шынында да бас тарта алмайтын шамада болсаңыз, оның орнына балмұздақ жеген дұрыс. Балмұздақты сусын сияқты бірден іше алмайсыз. Жай-жай сіңетіндіктен коктейльге қарағанда балмұздақ жеген пайдалырақ.
Латте
Латте сусынын қантсыз, бірақ сүтпен ішетін болсаңыз, оның 1 стақанында 170 калория бар. Байқап отырғандарыңыздай құрамы жағынан тым құнарлы сусынға жатады. Егер арықтағыңыз келсе, сүтсіз қара кофе ішуге кеңес береміз. Сонда ғана сізде нәтиже байқалуы мүмкін.
Алкогольді ішімдік
Алкогольді ішімдіктің кез келген түрі – фигураның жауы. Оның бірінші себебі – тәбетті ашатындығында. Ішімдік ішкеннен кейін түрлі тағамдар жегіңіз келіп, құнарлы тағамға қалай тапсырыс бергеніңізді байқамай қаласыз ба? Міне, мұның бәрі алкогольдің әсері. Әдемі мүсін иесі болуды қаласаңыз, алкогольді ішімдіктен біржолата бас тартуға тура келеді. Әйтпесе, өзіңіз ойлағандай фигураға қол жеткізу қиынға соғады.
Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
40 келіге арықтаған диетолог ДТ торттар мәзірін ұсынады