Қысқа мерзімде көптеген килограммнан арылсаңыз, сіздің дәм сезуіңіз өзгеруі мүмкін.
Артық салмақтан арылуды армандайсыз ба? Иә, мүсінінің мінсіз болғанын кім қаламайды дейсіз. Әрі денсаулығыңыз да жақсара түседі. Мамандар арықтау арқылы созылмалы аурулардың, әсіресе жүрек-қан тамырлары мен қант диабетінің қауіпі азаятындығын дәлелдеген. Бірақ, бұл айсбергтің су бетіне шығып тұрған бір ұшы ғана. Денедегі майдан арылудың бұдан өзге де біз білмейтін көптеген пайдасы бар. Мысалы:
Денеңізде «жанартау» оянады
Жоғары энергия – бұл салмақ тастай бастаған адамдарға бірден байқалады ерекшелік. Өйткені қосымша салмақ алып жүру оңай емес. Ал артық «жүктен» құтылғаныңызда сіз өзіңізді жеңіл сезініп және еш кедергісіз қозғаласыз. Баспалдаққа көтерілгенде немесе жаяу жүргенде, жүгіргенде демігіп шаршамайсыз.
Есте сақтау қабілеті жақсарады
Швед ғалымдары алты ай бойы егде жастағы әйелдерге салмақ тастау тәжірибесін жүргізеді. Зерттеудің нәтижесі таңғаларлық болған. Ғалымдар мидың белсенділігінің жоғарылағанын әрі жад тестілерінің нәтижелері жақсара түскенін анықтайды. Әйелдер барлық ақпаратты жеңіл есте сақтай алатын болып шыққан.
Семіздікке шалдыққан адамдарда, әсіресе, дене бітімі алмұрт тәрізді әйелдерде есте сақтау қабілетінің нашарлығы жиі кездеседі екен.
Ара-қатынастың беріктігі артады
Артық салмақ жоғалтқаннан кейін сіз өзіңізді сұлу сезінесіз. Әрине, белден жоғалған сантиметр жұбаймен қарым-қатынасты нығайту үшін жеткіліксіз. Әйтсе де, америкалық зерттеушілер 30 кг немесе одан да көп салмақ жоғалту отбасылық қарым-қатынасты жақсартатынын айтады. Бірақ кейбір жұптар арасында қызғаныш сезімі туындап жатады екен.
Салмақ жоғалту бір жағынан екі адамның қарым-қатынасының сынағы болады. Мұндай мәселелер тек отбасына ғана емес, достарымен қарым-қатынасқа да қатысты.
Қауіпті дерттің алдын алады
Семіздік белгілі бір қатерлі ісік түрлерінің пайда болу қаупін арттырады. Салмақтың көп мөлшері ағзадағы қабыну процестеріне ықпал етеді, сонымен қатар дененің жасушаларында өзгерістер тудырады. Ал салмақ жоғалту кезінде адамдар дерттің пайда болуы қаупін 5%-ға азайтады және олардың денсаулық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарады.
Депрессия
Толық адамдар көбінесе депрессиядан зардап шегеді. Керісінше, кейбіреулер депрессияға түсіп артық салмақ қосып алып жатады. Ғалымдардың пікірінше, көптеген адамдар артық салмақ жоғалтқаннан кейін бақытты бола бастайды. Бірақ бәрі бірдей емес. Тіпті кейбір адамдар 50 кг жоғалтқаннан кейін де өзгермейді деседі.
Өзгеше дәм
Егер сіз қысқа мерзімде артық килограммнан арылсаңыз, сіздің дәм сезуіңіз өзгеруі мүмкін. Стэнфорд университетінде жүргізілген зерттеулер артық салмақтан арылған адамдардың 87% -ында дәм сезу қабілетінің өзгеретінін хабарлады. Олардың жартысына тағам ащы болып көрінді, ал басқалары бұл жаңа дәм деп айтқан. Мұның не себепті екені әлі де белгісіз.
Ал сүйектер ше?
Салмақ жоғалту сүйектерді нәзік етеді деп естіген шығарсыз. Шындығында, егер сіз дұрыс диетаны ұстанатын болсаңыз, онда бұл сізге қауіп төндірмейді. Керісінше салмақ тастау сүйектеріңізді нығайтады. Артық салмақтан арылу буындарға түсірілетін жүкті азайтады.
Әмияныңыз ақшаға толады
Қалыпты салмағы бар адамдар денсаулығына толықтарға қарағанда аз ақша жұмсайды. Шынында да, семіздікке шалдыққан адамдардың әртүрлі созылмалы аурулары бар, кейде ауыр дерт болуы да мүмкін. 2014 жылы жүргізілген зерттеу көрсеткендей, толық адамдар кез-келген ауруды емдеуге олардың салмағы қалыпты құрдастарына қарағанда 90% артық шығын жұмсайды.
Жеңіл қозғалыс
Егер сіз өзіңізбен бірге артық салмақ тасып жүрсеңіз, онда жүрек пен өкпені қинайсыз. Мұндай адамдарға кез-келген қозғалыс қиын. Ал салмақ жоғалтсаңыз, онда жаттығу жасау оңай болады. Ол тіпті сізге қуаныш сыйлай бастайды. Білесіз бе, жоғалған әрбір келі спортшылардың жүгірісін тездетеді екен.
Жоғары мансап
Салмақ жоғалтқаннан кейін сіз жұмыстағы өзгерістерді де байқайсыз.
Ғалымдар семіздікке шалдыққандар қалыпты салмағы бар әріптестерге қарағанда төмен жалақы алатындығын анықтады. Бұл әсіресе әйелдерге қатысты. 2004 жылғы арнайы зерттеулер көрсеткендей,толық адам сымбатты қызметкерлерге қарағанда 2,5% аз жалақы алады екен. Салмақтан арылу сізге жаңа жұмыс ұсыныстарын табуға және сонымен бірге кірісті арттыруға көмектеседі.
Дәрілер саны азаяды
Әрине, артық салмақтан арылу ауруларды толықтай жоюға кепілдік бермейді. Бірақ, бұл олардың белгілерін, сондай-ақ қабылданатын дәрі-дәрмектің мөлшерін азайтады. Сіз жоғары қан қысымы немесе холестеринді азайту үшін аз мөлшерде дәрі ішесіз. Зерттеулер көрсеткендей, салмақ жоғалтқаннан кейін демікпе мен жүрек ауруы азайған.
Ұйқы үшін салмақ тастаңыз, салмақ тастау үшін ұйықтаңыз
Пенсильвания университетінің зерттеуіне сәйкес, алты айда дене салмағының кем дегенде 5 пайызын жоғалтқан адамдар бұрынғыға қарағанда 22 минут артық ұйықтай бастайды. Яғни, кішкене салмақ жоғалту ұйқының айтарлықтай жақсаруына әкеледі. Ал тыныш ұйқы дененің майын азайтуға ықпал етеді.
Майлы адамдарда тыныс алудың «қысатын» факторлары, сонымен қатар жоғарғы тыныс жолдарын тежейтін жұмсақ тіндер бар. Ұйқының нашар болуы осыдан.
Жүктілік
Егер сіз көп салмақ тастап, жүкті болуға тырыссаңыз, онда арықтағаннан кейін сіздің мүмкіндігіңіз арта түседі. 2009 жылғы ғылыми еңбектер адам толықтығының бедеулікке және поликистозды аналық безге әкелетіндігін дәлелдеді. Салмақ жоғалтқаннан кейін сіз тек жүкті болып қана қоймай, дені сау баланы өмірге әкелесіз.
Жақсы көру үшін
Салмақ тастау адамның денсаулығы мен көру қабілетін жақсартады. Артық салмағы бар адамдарда қант диабетін күшейту қаупі жоғары. Ал бұл ауру, әсіресе 2 типті қант диабетіне, көздің жағдайына кері әсерін тигізеді. Артық салмақтан арылу арқылы сіз қауіпті сейілтесіз. 2013 жылы Джорджия университетінің зерттеулері дене салмағының жоғары болуы көз торшасындағы лютеин және зеаксантин сияқты антиоксиданттарды төмендететінін көрсетті. Осыдан толықтық ағзада дегенеративті жасқа байланысты құбылыстарды тудырады деген қорытынды жасауға болады.
Қажетсіз салбырау
Артық салмақтан құтылудың жағымсыз әсері – созылған тері. Әрине, сіз қатайту процедураларына жүгіне аласыз. Бірақ. олардың кейбіреулері толығымен қауіпсіз болмауы мүмкін. Сонымен қатар, ол көп ақша талап етеді.
Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,
Тағы да оқыңыз:
Ер-азаматтардың ЕРКЕКТІК КҮШІН арттыратын жаттығу