Егер Сіз де осылай ойласаңыз, онда үлкен қателік жасап жүрсіз.
фото: oment.uanl.mx
Салауатты өмір салтының бір бөлігі — күнделікті спорт, яғни, фитнеспен айналысу. «Фитнес» дегенде сіздің ойыңызға ең алдымен не келеді? «Түрлі зілтемірлер толған зал мен бұлшықеттері білеууленген спортшылар» дейді көбісі. Осыдан келіп «фитнеспен айналысу қиын», «оған көп қаражат пен уақыт керек», «тек спортшыларға арналған» деген сынды ойлар қалыптасады. Бірақ, бұл — қате. Ең басты әрі ең қауіпті қателіктер.
Егер сіз осындай жаңсақ ойлардың жетегінде жүрсеңіз, өзіңізді жақсы физикалық формаға ешқашан келтіре алмайсыз. Жақсы физикалық форма бұл әдемі дене мүсіні ғана емес, бұл — сау ағза, денсаулық. Сондықтан, фитнес әрбіріміздің өмірімізде болуы шарт.
Фитнеспен міндетті түрде жаттығу залында айналысу керек деген пікір — бұл енді шарт емес. Онымен үйде де айналысуға болады. Ол қарапайым жаттығулардан басталып, кейбір арнаулы құралдар көмегімен жасалатын әрекеттерге ұласа береді. Ол үшін тек резеңке, кішігірім кір тасы сынды қарапайым фитнес-құралдарыңыз болса болғаны.
Фитнес жаттығуларға жүгінуді жаңадан бастаушылардың басым көпшілігі — арықтауды мақсат еткендер. Ең көп қате пікір осы кісілердің арасын кезіп жүр. Солардың бірі — жеке тренерсіз арықтау мүмкін емес. Ал, жеке жаттықтырушы — қосымша ақша жұмсауды қажет етеді. Дәл осыны ойлаған сәтте фитнес пен арықтағысы келген адам арасында тосқауыл пайда бола кетеді. Шын мәнісінде, жеке жаттықтырушымен жұмыс жасаған нәтижелі. Алайда, бұл тренерсіз нәтижеге жету мүмкін емес дегенді білдірмейді. Артық шығын шығарғыңыз келмесе, артық уақыт жұмсап, фитнес туралы ақпараттармен танысыңыз. Біраз уақыт айналысып, біршама хабардар болған соң өзіңіз де жаттығу жоспарын түзе алатын жағдайға жетесіз.
Оқи отырыңыз:
Желке мен иығыңыз ауырып, жанға батса...
Тағы бір кең таралған жаңсақ ой — емдәм ұстану арқылы фитнессіз-ақ арықтауға болады. Иә, ұзақ уақыт бойы тамақтан шектелуге ерік-жігеріңіз жетсе, бұл мүмкін. Бірақ, бұлай арықтағанда бұлшықеттер босаңсып, тері салбырап, өзіңіз әлсіреп қаласыз. Яғни, артық салмақтан арылғанмен, сымбатыңыз әдемі, ағзаңыз сау қалпын сақтамауы ықтимал. Сондықтан, ең дұрыс формула — дұрыс тамақтану+фитнес болмақ.
Енді біреулер «егер денсаулығың жақсы болса, спортпен айналысудың қажеті жоқ» деп жаңылысып жүр. Дұрыс та шығар. Бірақ, қазір жақсы болғанмен, ертең де дәл солай болып тұратынына сенімді ме солар? Жас ұлғайған сайын ауру-сырқаудың да көбейетіні бар емес пе? Осыны неге жас кезден ойламасқа? «Спорт ауырған ағзаны сауықтырады» деудің орнына «Спорт түрлі аурулардың алдын алады» деген дұрыс, әсілінде. Расында да, шыныққан ағзаның ғана саулығын сақтау мүмкіндігі көбірек.
Сондай-ақ, фитнеспен толықтар ғана айналысады, арық адамдарға оның қажеті шамалы дейтіндер де адасушылар қатарынан. Артық салмағы жоқтар үшін фитнес — ағзаны, бұлшықеттерді шынықтыру, денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй, күні бойына жететін энергияның қайнар көзі екенін қайталаудан талмаймыз.
Фитнеске белгілі бір межеге жету үшін ғана келетіндер де бар. Олар қандай да бір мақсатты көздейді — «салмағымды осынша келіге азайтсам», «қолымды жаттықтырып, бицепс шығарсам», «жүгіру жылдамдығымды арттырсам», «осы аурудан айықсам»... деген сынды себептер. Олардың көпшілігі бұл көздегеніне жете де алмай, жарты жолдан тайып жатады. Жеткендерінің өзі физикалық белсенділікті қайта азайтса, көп ұзамай «жеңісінен» де қайта айрылып қалады. Өйткені, фитнес — уақытша ғана әрекет емес. Ол жан жолдасқа айналуып, өзіңізбен бірге өмір сүруі керек.
Жоғарыда аталғандай жаңсақ пікірлерден арылып, фитнесті өмірлік серік етсеңіз, жаныңыз да, тәніңіз де сау, бойыңыз қуатқа, өміріңіз қуанышқа толы болады.
Аударған: А.Мейірханқызы,