​Фитнеске баруға қорқасыз ба әлде ұяласыз ба?

0
4 347

Фитнес орталықтарына бір рет те жазылып көрмедіңіз бе? Неліктен?


​Фитнеске баруға қорқасыз ба әлде ұяласыз ба?

фото: healthok.ru

Фитнес орталықтарына баруға ұялатын қыздар көп екен. Көбісі бұрын-соңды жаттығу залдарына жазылмағандықтан, оның үстіне дене-бітімінен ұялатындықтан мұндай орталықтардың маңына да жоламайтын көрінеді. Біздің қазақтың қыздарында мұндайда ұяңдық басым болып келеді. Алайда сымбаттың тартымдылығын арттыру үшін ұялшақтықты шетке ысыра тұру керек. Өйткені бұлай жүре беретін болсаңыз, ешқашанда «оңалмайсыз».

фото: s1.1zoom.me

Мамандар фитнеске баруға қорқақтайтындардың ең басты себебін анықтапты.

Ең бірінші олар жаңа нәрсені бастаудан қорқады екен. Өмірінің бірден өзгергенін қаламайды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтануға көшіп, өз дене-бітіміне көңіл аударуға да жалқаулық танытады. Сымбатын қалыпқа келтіргеннен кейін жаңа киім сатып алып, айналасындағыларды таңдандыру да оларды бей-жай ететін көрінеді. Міне, осындай өзгерістер фитнеске баруға тұсау болып, кейінге шегере береді екен.

Екіншіден, фитнес орталықтарындағы жаттықтырушы мен ондағы мінсіз бойжеткендер оларды қатты шошытады. Алайда, осы тұста қыздар қатты қателеседі. Өйткені мүсіні келіскен қыздар да дәл солай бастаған. Барлығы бірден бола салмайды. Керісінше мұндай орталықтарға барсаңыз, айналаңызға сізге тек шабыт беретін адамдарды жинайсыз. Олар сізге шынығуға көмектесіп, күнделікті жаттығуға мотивация береді. Сондықтан да фитнеске баруға қорқудың немесе ұялудың қажеті жоқ.


Фитнес орталықтарына барып, өзіңіз қалағандай мүсінге қол жеткізгіңіз келсе мынадай кеңестерді де орындай жүрген артықтық етпейді.

фото: orangehollowracquetclub.com


Жағымды әсерлерді ғана есте сақтаңыз

Қорқынышыңызды жеңіп, фитнеске барамын деп ұйғарсаңыз, ол жерден алатын тек жағымды әсерлерді ғана есте сақтаңыз. Сонымен қатар, жаттығудың басқа қандай пайдалары бар екендігін ой елегінен бір өткізіңіз. Әдемі сымбаттан басқа фитнес орталықтарынан не аласыз? Міне, осының бәрі сізді ойландыруы қажет.

Енді қорқынышты жеңу үшін не істеу керектігін ойланып, жоспар құрыңыз. Мәселен, «жалғыз өзім ондай орталыққа баруға ұяламын» десеңіз, осы қорқынышты жеңуге әрекет етуіңіз керек. Ең бастысы тоқтап қалмасаңыз болғаны.

фото: cultmoscow.com


Өзіңіз секілді құрбылар тауып алыңыз

Фитнес орталықтарында өзіңізге ұнайтын орта, сөзіңіз жарасатын адамдар болса тіптен жақсы. Бірге шыныққан, жаттығулармен айналысқан қызығырақ болады. Ал, мұндай ортаны табу үшін, қорқынышты ысырып тастап, жаттығу залына бару керек. Болмаса құрбыларыңызбен бір фитнес орталығына жазылыңыз. Сонда көңілдірек болары сөзсіз.

Көптеген адамдар жаттығу залына кіргенде өзін жайсыз сезінеді. Бұл жайсыздықты барлық адам басынан кешіреді. Сіз де бұл этаптан өтуіңіз керек. Осыны есіңізге түсіріп, ары қарай адымдаңыз. Өзіңізге іштей «Мен өзімді жайлы сезінемін. Барлығы да осылай бастаған» деп қойсаңыз, қорқынышыңыз сейіле түседі.

Егер жаттығу құралдарымен қалай жұмыс істеу керектігін білмесеңіз, жаттықтырушы барлығын да үйретеді. Қасыңызда болады. Ал, тренердің қасында өзіңізді еркін ұстағыңыз келсе, әдемі спорттық киім сатып алыңыз. Өзіңізге ұнайтын әрі жарасымды киім болса, еш қысылмайсыз. Көңіл-күйіңіз де көтеріле түседі.

Қорқыныш басында болады, біраз уақытқа дейін сейіле де қоймайды. Бұл қорқынышты тек өзіңіз ғана жеңе аласыз.


Жаттығу залына барарда жақсылап ойланыңыз: «Мен не үшін фитнеске бара жатырмын?».


Егер денсаулығыңызды нығайту үшін, дене-бітіміңізді тартымды ету үшін баратын болсаңыз, сол нәрсені ғана ойлаған абзал. Осындай әрекеттен кейін ғана сіз нәтиже көрсете аласыз. Қандай да бір нәтижені байқасаңыз, одан әрі қарай жаттығуға талпына бересіз. Міне, осылай өз-өзіңізді іштей қайрап, күш беріп, сымбатыңызды ретке келтіріп алсаңыз, кейін бұл қорқыныштың бәрі ұмыт болады.

Дайындаған: ҚҰрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Арықтағыңыз келсе, испан биін билеңіз!

Арықтау үшін шайды немен ішу керектігін білесіз бе?

113 кг салмақтан 58 келіге дейін арықтаған Назгүл неге салмақ қосып алды?