көрнекілік сурет: nordbike.wordpress.com
Кішкентайлардың күнделікті есік алдында велосипед тебуі – жай ермек емес, нағыз фитнес жаттығуы. Денесін ғана емес, миын да шынықтырудың тамаша жолы. Сондықтан сабақ басталды, күн суыды екен деп баланы жаз бойғы қызығынан айыруға асықпаңыз.
Велосипед тебу физикалық белсенділік түрі, орташа деңгейдегі аэробты жаттығу деп есептеледі. Ол:
- Қимыл-қозғалысты арттырады, бұлшықеттерді (аяқ, арқа, т.б.) жұмысқа қосады.
- Бұл – жүрек пен өкпе жұмысын жақсартатын кардио жаттығу. Баланың төзімділігі дамиды.
- Координация мен тепе-теңдікті сезінуі, моторикасы дамиды.
- Бойындағы артық энергияны жұмсайды.
- Ұйқысы, тәбеті жақсарады.
- Психологиялық пайдасы да бар. Ашық ауада қозғалу күйзелісті азайтып, көңіл күйді көтереді.
- Велосипед тебудің бала миының дамуына да пайдалы әсері мол. Ол – мидың әртүрлі бөліктерінің жұмысын белсендіріп, дамуын ынталандыратын кешенді процесс.
1. Маңдай бөлігі (Фронтальды бөлік)
Функциясы:
- Жоспарлау, ойлау, шешім қабылдау
- Зейін, мінез-құлықты бақылау
- Қозғалысты ұйымдастыру
Велосипед тебудің пайдасы:
- Велосипед тебу кезінде бала бағытты бақылап, кедергілерден айналып өтіп, шешім қабылдауға үйренеді.
- Бұл маңдай бөлігіндегі атқарушы функцияларды дамытады (мысалы, жоспар құру, бір нәрсені бастау және аяқтау қабілеті).
- Зейінді шоғырландыру және ойды жинақтауға көмектеседі.
2. Самай бөлігі (Темпоралды бөлік)
Функциясы:
- Есту, сөйлеу, тіл
- Есте сақтау қабілеті
Велосипед тебудің пайдасы:
- Велосипед тебу барысында бала ата-ананың немесе жаттықтырушының нұсқауын тыңдап, оны орындайды – бұл тыңдау мен тілдік қабілеттерді дамытады.
- Маршрутты есте сақтау, бағытты тану – самай бөлігінің есте сақтау қызметін белсендендіреді.
- Есту арқылы алынған ақпаратты өңдеу және есте сақтау күшейеді.
3. Төбе бөлігі (Париеталды бөлік)
Функциясы:
- Кеңістікте бағдарлану
- Қозғалысты үйлестіру
- Сенсорлық ақпаратты өңдеу (тиісу, қысым, температура)
Велосипед тебудің пайдасы:
- Бала айналасындағы ортаны тануға, бағытын бағдарлауға үйренеді.
- Велосипед тебу кеңістікті сезінуді, тепе-теңдікті және қозғалысты басқаруды жақсартады.
- Қол мен аяқтың бірлесе жұмыс істеуі арқылы моторика дамиды.
4. Шүйде бөлігі (Жүйкелік желке бөлігі / Окципитальды бөлік)
Функциясы:
- Көруді өңдеу
- Көру арқылы бағдарлау және түсіну
Велосипед тебудің пайдасы:
- Қоршаған ортаны көру арқылы тану қабілетін дамытады.
- Баланың жолдағы жағдайды көру, қауіпті алдын ала байқау, бағытты тану дағдылары дамиды.
- Графикалық және кеңістік түсініктері дамиды (мысалы, алыс-жақынды, биіктікті бағалау).
ЕСКЕРІҢІЗ! Егер бала велосипедті 2-3 минут қана тепсе, мұны жаттығу жасады деп санауға болмас. Себебі ол аз әсер береді. Физикалық дене белсенділігі үшін күнделікті 15–30 минут немесе одан көп уақыт тебуге тиіс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсынысы:
3–5 жас аралығындағы балалар күніне кемінде 180 минут физикалық белсенділікпен айналысуы керек, оның ішінде кем дегенде 60 минуты — орташа немесе жоғары қарқынды қозғалыс болуы тиіс (мысалы, велосипед тебу).
Баланың велосипед тебуін есік алдында немесе үй ішінде, күнделікті жүйелі әрі қызықты етіп ұйымдастыру ата-ананың қолында.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: