​Жапон жаттығуЫ ӨМІРДІ ҰЗАРТАДЫ

0
2 569

Бұл жаттығуды күнде орындасаңыз, қартайғанда да шауып жүресіз!


​Жапон жаттығуЫ ӨМІРДІ ҰЗАРТАДЫ

фотолар: ашық дереккөздерден алынды

Кім ұзақ өмір сүргісі келмейді десеңізші, шіркін?! Бірақ бұған да әрекет керек. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Көңілді жүріңіз. Сондай-ақ жасартатын арнайы жаттығуларды күн тәртібіне енгізіңіз.

Жапондық ғалымдардың зерттеуінше, адам үнемі созылу, созу жаттығуларын жасаса, дене қартаймайды екен. Созу және созылу жаттығулары бүкіл дененің иілгіштігін арттырады. Ал адам қартайған сайын денесінің бүгілуі, иілуі қиындайтыны белгілі. Демек, иілгіштікті сақтау арқылы адам тәнінің жас қалпын сақтауына болады деген сөз.

Бұл орайда біз «Джунан тайсо» деп аталатын жаттығу комплексін ұсынамыз. Оны орындауда мына бес ережені сақтаңыз.


  1. Дененің иілгіштік диапазонын асықпай арттыру
  2. Ойды, бойды (буын, бұлшықет) барынша босаңсыту
  3. Әр қимылды, қалыпты шамаға қарай (өзін қинамай) орындау
  4. Ой мен тәнді тыңдай білу
  5. Әр жаттығуды ләззатпен орындау.



1-жаттығу

Төсенішке аяқтарыңызды созып, біріктіріп отырыңыз. Тізені бүкпей, алға еңкейіп қолдарыңызды аяқ ұшына жеткізіңіз. Аяқтарыңыздың ұшын өзіңізге қарай тарта отырып, алақанмен табанды ұстаңыз. Жаттығу барысында басты тік ұстаңыз.

Әрине, өзіңізді қинап, омыртқаға жарақат тигізіп алудан абай болыңыз. Бастапқыда қолды аяққа жеткізу қиындық тудырса, шамаңыз келгенше жаттығуды орындауға тырысыңыз. Бірте-бірте денеңіздің иілгіштігі артып, ережеге сай орындайтын боласыз.


2-жаттығу

Еденге аяғыңызды созып отырыңыз. Екі аяқты екі шетке шамаңыз келгенше ашып керіңіз. Тізе бүгілмеуі керек.

Оңға бұрылып, иекті тізеге, қолыңызды аяқ саусақтарына жеткізіңіз. Уақыт өте келе алақанды табанға жанастыратын боласыз.

Осы қалыпта бірер секунд кідіріп, бастапқы қалыпқа оралыңыз. Содан кейін денені солға бұрып, иіліңіз. Иекті тізеге, саусақты аяқ ұштарына жеткізіңіз.

Бастапқы қалыпқа оралып, аяқтарды екі жаққа керіп ұстай отырып, алға еңкейіңіз. Шамаңыз келгенше иекті еденге тигізуге ұмтылыңыз.


3-жаттығу

Төсеніште тік отырып, екі табанды бір-біріне түйістіріп, алға жинаңыз. Қолдарыңызбен аяқ ұштарын ұстаңыз. Тізені жоғары-төмен қимылдатып (дірілдетіп) 1 минут отырыңыз.

Осы қалыпта отырып, алға иіліп аладымен басыңызды, сосын иегіңізді еденге жеткізіңіз. Әбден жаттыққан соң ереже бойынша кеудеңізді де еденге тигізе аласыз.


4-жаттығу

Төсеніш үстінде тізерлеп тұрыңыз. Аяқты, тізені қозғалтпай асықпай отырыңыз. Оң жаққа бұрылып шалқайыңыз да алақандарды еденге қойыңыз, мұрныңызды еденге тигізіңіз. Білек те еденде жатқаны дұрыс.

Кеудені көтеріп, тік отырыңыз. Сол жаққа бұрылып, жаттығуды қайталаңыз.

Бұл жаттығу сейдза қалпы деп аталады. Аяқ буындарының, арқаның, омыртқаның, иық пен қолдардың иілгіштігін арттыруда ең таңдаулы қалып.


5-жаттығу

Тізерлеп тұрыңыз. Асықпай артқа шалқайып жатыңыз. Табандарыңыз арқаға тиіп тұрғаны жөн. Қолдарыңызды жоғары көтеріп, еденге қойыңыз. Осы қалыпта шыдағаныңызша жатыңыз. Егер тізеңіз ауырса, шалқаю қиындық тудырса, бел тұсына кішкентай жастық немесе оралған сүлгі қоюға болады. Бірнеше апта жаттыққан соң бұл қалыпта жату жеңілдейді.


Бұл бес жаттығу бүкіл денені максимальды түрде созады. Тәнді терең тынықтырады. Буын ауруларының алдын алады. Жасартады. Шамаңызға қарай аптасына үш рет немесе күнде орындаңыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

АЯҒЫҢЫЗ ІСІП КЕТЕ БЕРЕ МЕ?

ҮШЕУІ БІРЕУІНДЕ: 3 жаттығуды алмастыратын БІР жаттығу бар

Бөлісу