ЖАТТЫҒУдан кейін ДЕНЕ АУЫРЫП қалса...

0
1 673

Не істеу керек?


ЖАТТЫҒУдан кейін ДЕНЕ АУЫРЫП қалса...

Ұзақ уақыттық үзілістен кейін немесе алғашқы рет дене жаттығуын жасағанда, бұлшықеттердің ауырып қалатыны белгілі. Тіпті, аяғымызды ала алмай қалатынымыз бар.

Жаттығудан кейінгі дененің ауырсынуы — ешқандай жарақат емес, қалыпты жағдай. Бірден шамадан тыс артылған физикалық жүктемеге қатысты ағзаның реакциясы. Бұлшықеттер тінінде жаттығудан соң ұсақ жарықшақтар мен жарылулар пайда болады. Бұл ағзаның қорғаныс қабілетін, гормондар секрециясы мен бұлшықеттердің өсуін іске қосады. Мұндай ауырсыну 3-4 күн жаттығу жасаған соң тарқап кетеді.

Әдетте, физикалық қимыл-қозғалыстан соң біздің ағзамыздан сүт қышқылы бөлініп, бұлшықет талшықтары арасында жиналады. Физикалық күш қаншалықты көп түссе, сүт қышқылы да соншалықты көбірек бөлінеді. Бұлшықеттердің ауыруына тағы бір себеп — осы.

Жаттығу кезінде терлеу арқылы ағзадан көп мөлшердегі су шығып кетеді. Оған қоса, негізгі жаттығу алдындағы дене қыздыру мен соңындағы созылу жаттығуларын дұрыс жасамау да ағзаның сусыздануына әкеп соқтырады. Нәтижесінде, ағзаның су балансы бұзылып, сусызданған бұлшықеттерді ауырсыну мазалайды.

Бұрынырақта алған ескі жарақаттар физикалық артық салмақтан соң өзінен «хабар беруі» де ықтимал. Егер, мұндай күдігіңіз болса, бірден дәрігерге қаралған дұрыс. Ал, еңі дұрысы — бұрынғы жарақаттарды алдын ала ескеріп, жаттығуды оларға зиян келтірмейтіндей етіп жасау.

Егер жаттығуларды дұрыс және өз ретімен, мөлшерімен орындамаса, бұл білместіктің соңы да ауырсынуға апарып соқтырады. Тым болмаса, бастапқы кезеңдерде арнайы жаттықтырушының көмегіне жүгінген жөн.

Жаттығудан кейінгі дене ауырсынуы кезінде көбірек жүрген пайдалы. Сонда бұлшықеттер тезірек қайта қалпына келетін болады. Бұлшықеттерді қалпына келтірудің басқа да бірнеше қарапайым тәсілдерімен таныс болыңыз.


Сусынды көп мөлшерде ішу


Күніне екі рет 0,5 шәй қасық даршын қосылған кофе ішу — бұлшықет қабынуын басудағы ең тиімді тәсіл.

Жаттығудан соң қара шай ішкен де пайдалы. Ол ағзадағы инсулиннің белсенділігін артырып, қызыл қан жасушалары құрамындағы қант көлемін азайтады. Дене жаттығуынан кейін ағзаға түскен 1 шыныаяқ шай қан қысымын лезде түсіреді.

Бразилиялық мате шайын ішуіңізге болады. Ол ауру мен қабынуды басып, ісікті қайтаруда медициналық препараттардан кем түспейді. Бұлшықеттерді тезірек қалпына келтіру үшін жаттығу алдында 2-3 стакан ішу жеткілікті.


Су процедуралары


Бұлшықеттердің ауырсынуын аз да болса бәсеңдетуге жаттығудан кейінгі 10-15 минуттық контрасты душ көмектеседі. Ал, жылы бұлаудың (370С) көмегіне жүгінсеңіз, ол қантамырларын кеңейтіп, қанайналымды жақсартады. Нәтижесінде бұлшықеттер босаңсып, ауырсыну сезімі басылады.

Салқын сулы хауызда 15 минут жүзгеннің де өз көмегі бар.

Ыстық монша денені босаңсытып, ағзаны тынықтыратыны рас. Алайда, жаттығудан кейін емес. Жаттығудан соң бірден моншаға түсу бұлшықеттерді тым қатты босаңсытып жібереді де, алдағы бірнеше күнде олардың еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Ауырған бұлшықетті өз бетіңізше уқалай бермей, бұл істі кәсіби массаж жасаушыға тапсырғаныңыз дұрыс. Оған мүмкіндік болмаса, өзіңіз жасауыңызға тура келеді. Тек, мынаны біліп алыңыз: бұлшықеттерді қатты күш салмай, бірсарынды қозғалыспен төменнен жоғарыға қарай сылап-сипау керек. Арнайы қыздыратын массаж майын қолдансаңыз тіптен жақсы.

Ауырған бұлшықетке алдымен 20 минуттай мұз, содан соң жылытқы басуға болады. Мұны 12 рет қайталау қажет.

Таза ауада жеңіл дене шынықтыру жаттығуын немесе керіліп-созылу жаттығуларын жасау ауырсынуды басуға өз үлесін тигізеді. Бұлшықеттерге қатты батырмай, жеңіл массаж жасаудың да айтарлықтай септігі бар.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«30 – 30 – 30»: САЛМАҚ ТАСТАУДЫҢ жаңа әрі ең ЖЕҢІЛ жолы