​Жатырдың төмен түсуін жаттығумен емдеуге бола ма?

0
38 686

Жатырдың төмен түсуін тек дәрігер ғана анықтай алады.


​Жатырдың төмен түсуін жаттығумен емдеуге бола ма?

Жатырдың төмен түсу диагнозы көп жағдайда бала туған әйелдерге қойылады. Дегенмен, босанбаған әйелдерде де бұл жағдай орын алып жатады. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы, өте ауыр затты жиі көтеру, грыжа, іш қату сияқты жайсыздықтар жатырдың төмен түсуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл дерттің алғашқы кезеңінде Юнусов гимнастикасы, фитотерапиясы мен массаж түрлері көмектесе алады. Осы әдістерді өз орнымен қолданса, төмен түскен жатырды қалпына келтіруге болады.


Жатырдың төмен түсуін тек дәрігер ғана анықтай алады. Дәрігердің кеңесіне жүгінбестен өз бетінше ем-дом жасауға болмайтынын ескертеміз. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Жатырдың төмен түсуінің әр кезеңінін қиындығы бар. Оның ең ақырғы кезеңі зәр ұстамау, бедеулік, жыныстық қатынасқа түсе алмау сияқты жайсыздықтар тудырады.


Юнусов гимнастикасы

Бірінші жаттығу – зәрді ұстау. Сіз кіші дәретке қатты барғыңыз келіп тұр делік. Бірақ, шыдау керек. Ол үшін не істеу керек? Сол аймақтағы бұлшықеттерді қатайтып аламыз. Бұл жаттығудың бір ерекшелігі оны кез келген жерде жасауға болатындығында: жүріп бара жатсаңыз да, көлікте отырсаңыз да жасауға болады. Бұл әдіс босанған келіншектерге де өте пайдалы.

Келесі жаттығу түрі әлсіз бұлшықеттерді нығайтуға бағытталған. Себебі, бұл жатырдың төмен түсуінің алдын алу үшін аса қажет. Бұл бала кезден бәрімізге таныс «қайың», «қайшы», «велосипед» жаттығулары. Олардың барлығы ыңғайлы жағдайда орындалады. Дем алу кезінде аяқтың баяу көтерілуі және дем шығару кезінде бастапқы күйге оралудың пайдасы зор. Сіз осы жаттығуларды еденде де (кілемде) де, төсекте де (мысалы, ұйықтар алдында) орындай аласыз.


Жатырдың төмен түсуінде жасалатын массаж

Массаждың бірінші түрі таңертең, сіз төсектен әлі тұрмаған кезде жасалады. Сондықтан, бұл «таңертеңгілік жаттығу» деп аталады. Арқаңызбен жатып, аяқты созасыз. Содан кейін сол қолды жұмып іштің төмен жағын сағат тілімен ақырын уқалайсыз. Содан соң оң қолыңыздың алақанын жұмып қарсы бағытта жасайсыз. Екі қолды қарсы бағытта кезек-кезегімен сағат тілі бойынша айналдыра уқалайсыз. Бірақ, қатты уқалауға болмайды. Массаж ақырын, жұмсақ жасалуы керек. Бастапқыда 4-5 рет жасасаңыз жеткілікті. Күніне 1-2 рет қоссаңыз болады. Күнделікті қайталау арқылы бір қолмен 25 рет, екінші қолмен де 25 рет жасайтындай деңгейге жеткізіңіз. Бастысы, массажды бастағаннан кейін жасамай, орта жолдан қалдырып кетуге болмайтынын ұмытпаңыз. Ол ешқандай нәтиже бермейді.

Ұйықтар алдында арқаңызбен жатып, кешкі массаж жасай аласыз. Ол үшін тізені бүгіп, саусақтарыңызбен іштің төменгі жағын ақырын уқалаңыз. 4-5 минут жеткілікті. Кез-келген массаж майын қолдануға болады.

Жатырды қалпына келтіретін күрделі массаж техникалары бар. Алайда, оны тек арнайы маман ғана жасауы тиіс.

Ескерту! Қандай да бір жаттығуды қолданбас бұрын дәрігермен кеңесіп алу қажет!

Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Теріс қарап жүгірудің пайдасын білесіз бе?


Жүрекке арналған жаттығулар: «Моторымызды» емдейтін 7 әдіс