Ең тиімді, ұтымды сыйлыққа 9 идея ұсынамыз
фотоколлаж: ЖИ
Қазақ халқы үшін жаңа туған сәбиге сыйлық беру – ежелден келе жатқан игі дәстүр. Әдетте туыстар мен жақындар нәрестеге киім-кешек, жөргек немесе тұрмыстық ұсақ-түйек тарту етеді. Дегенмен қазіргі қоғамда бұл дәстүрге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді.
Бүгінде көптеген ата-ана баласын өз талғамына сай киіндіруді жөн көреді. Оның үстіне, нәрестелердің өте тез өсетіні белгілі: кеше ғана дәл келген киім бірер аптадан соң тарлық етеді. Соның салдарынан сыйға берілген киімдердің көбі пайдаланылмай, жаңа күйінде қалып жатады. Бұл, әрине, сыйлықтың құнын төмендетпесе де, оның практикалық пайдасын азайтады.
Осыған байланысты соңғы жылдары жас ата-аналар арасында пайдалы әрі ұзақ уақыт қолдануға болатын сыйлықтарға сұраныс артып отыр. Әсіресе, тұрмысты жеңілдететін заманауи гаджеттер ерекше бағаланады.
1. "Ақ шу" генераторы
Бұл құрылғы нәрестенің тыныш ұйықтауына көмектеседі. "Ақ шу" баланың ана құрсағындағы дыбыстарға ұқсас орта қалыптастырып, оның тез ұйықтап кетуіне әсер етеді. Сонымен қатар, сыртқы шуды бәсеңдетіп, ұйқының сапасын жақсартады.
2. Автоматты тербелетін бесік немесе әткеншек
Мұндай құрылғылар баланы өздігінен тербетіп, анаға демалуға мүмкіндік береді. Көптеген модельдерде бірнеше тербеліс режимі, музыка және таймер функциясы қарастырылған. Бұл — күнделікті тұрмысты айтарлықтай жеңілдететін көмекші.
3. Бейнебақылау құрылғысы
Бұл гаджет арқылы ата-ана баланың жағдайын басқа бөлмеден бақылап отыра алады. Әсіресе, нәресте ұйықтап жатқанда өте ыңғайлы. Кейбір үлгілерінде дыбыс беру, түнгі көру режимі және телефон арқылы қосылу мүмкіндігі бар.
4. Ақылды термометр
Дәстүрлі және байланыссыз термометрлердің орнына қазіргі таңда ақылды құрылғылар кеңінен қолданыла бастады. Олар баланың денесіне бекітіліп, температураны нақты уақыт режимінде смартфон арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе, бала ауырған кезде өте пайдалы.
5. Ақылды бесік
Жоғары технологиямен жабдықталған бұл бесіктер баланың жылауына жауап беріп, автоматты түрде тербеледі. Кейбір модельдер ұйқы режимін талдап, арнайы қосымша арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Бағасы қымбат болғанымен, функционалдығы жоғары.
6. Бөтелке жылытқыш және стерилизатор
Бөтелкелерді қолмен жуу әрдайым ыңғайлы емес, әрі краннан ағатын су стерилизацияны толық алмастыра алмайды. Сондықтан зәуде бір бөтелкені, емізікті қайнатып әлек боп жатамыз. Енді оның орнына арнайы құрылғы қолдануға болады. Стерилизатор микротолқын арқылы бактерияларды жойып, бұл процесті қайнатуға қарағанда әлдеқайда жылдам орындайды. Құрылғы әсіресе түнгі уақытта өте пайдалы. Сүтті жылдам жылытып, бөтелкелерді залалсыздандыру арқылы уақытты үнемдейді. Күнделікті қолдануға ыңғайлы әрі қауіпсіз.
7. Сүт сауатын құрылғы
Емізетін аналар үшін өте ыңғайлы гаджет. Қолды бос қалдырып, басқа істермен айналыса отырып қолдануға мүмкіндік береді. Бұл ананың уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі.
8. Түнгі шам
Жұмсақ жарық беретін бұл құрылғы түнде баланы оятпай күтуге мүмкіндік береді. Кейбір шамдарда дыбыс немесе тыныштандыратын әуендер де бар, бұл нәрестенің ұйқысын жақсартуға әсер етеді.
9. Ауа ылғалдандырғыш
Жаз мезгілі әрдайым жайлы бола бермейді. Ыстық күндері ауа ылғалдылығы төмендеп, баланың терісі мен тыныс алу жолдарын тітіркендіруі мүмкін. Сондайда ауа ылғалдандырғыш жайлылыққа ғана емес, деннің саулығына да айтарлықтай үлесін қосады. Кей үлгілер тіпті ыңғайлы, дыбыссыз жұмыс істейді және ішінде түнгі шам орнатылған, яғни балалар бөлмесі үшін өте қолайлы.
Күнделікті өмірде жиі қолданылатын мұндай пайдалы сыйлықтар нәресте мен ата-анасына жайлылық сыйлайды. Бұл құрылғылар уақытты үнемдеп, жұмысты жеңілдетеді.
Әрине, сыйлық таңдауда ең бастысы – оның шынайы қажеттілігі мен пайдасы. Әдемі, бірақ қолданылмайтын заттан гөрі, күнделікті өмірде кәдеге жарайтын қарапайым сыйлық әлдеқайда құнды. Сондықтан қазіргі таңда дәстүр мен заманауи үрдісті ұштастыра отырып, саналы таңдау жасау маңызды. Жаңа туған сәбиге сыйлық беру дәстүрі өз мәнін жоғалтпайды. Тек оның мазмұны уақыт талабына сай өзгеріп келеді. Әрине, тізімде аталмаған, алайда өз ойыңызда бар басқа гаджетті сыйлау өз еркіңізде. Ең бастысы, сыйлық арқылы қуаныш сыйлап қана қоймай, жас отбасының тұрмысын жеңілдетуге үлес қосу.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Смартфон инесі сізді біраз жағдайлардан құтқарады
Apple ақылды көзілдіріктің төрт нұсқасын дайындап жатыр. Бұл қандай көзілдірік?


