Бұл қолданба IPhone құрылғысының орнын асқан дәлдікпен анықтайды
Сурет: i.ytimg.com
Бүгінде смартфон – хат-хабар алу құралы ғана емес, әркімнің жеке көмекшісі, ақпараттар қоймасы, ақша салған әмияны, құжат сақтайтын сөмкесі, сағаты, күнтізбесі... Сондықтан ол жоғалып кетсе, жанымызды қоярға жер таппай қаламыз. Бағасының қымбаттығы бір бөлек, ішіндегі құнды ақпараттар мен естеліктер – бір төбе. Жеке деректердің қолды болу қаупі тағы бар.
Бұл мақала сізге жоғалған телефонды табудің бірнеше жолын көрсетеді. Осылайша көз жазып қалған «жан жолдасыңызбен» тезірек қайта қауыша аласыз.
Телефоныңызға қоңырау шалыңыз
Жоғалған телефонды табудың ең оңай жолы – оған басқа телефоннан қоңырау шалу. Жаныңызда ешкім болмай, екінші смартфон таппасаңыз немесе «Телефон» қосымшасы арқылы тікелей қоңырау шалу мүмкін болмаса, оны ұқсас мамандандырылған интернет қызметі арқылы жасаңыз. Компьютер қолжетімді болса, wheresmycellphone.com немесе freecall.com сайттары арқылы телефон нөмірін теріп, қоңырау шалуға болады.
Мәтіндік хабарлама жолдаңыз
Мұны да ұқсас мамандандырылған интернет қызметі арқылы жасауға болады. Мұны txt2day.com сайты арқылы іске асырасыз. Мәтіндік хабарламада оны тауып алған адам үшін қажетті ақпараттар жазған абзал. Мәселен, телефон иесімен байланысу нөмірлері, сыйақы, т.б. жайлы.
Ұялы байланыс операторына хабарласыңыз
Кей ұялы байланыс операторлары телефондардың орналасқан жерін бақылау қызметін ұсынады. Оператор мұндай қызметтерді көрсетпейтінін мәлімдесе, олардан телефон нөміріңізді блоктауды сұраңыз.
Android жүйесінде жұмыс істейтін смартфон
Мұндай смартфонды екі жолмен табуға болады. Егер смартфон қосулы болса және сымсыз сигнал ауқымында болса, смартфонның орналасқан жерін компьютерден Device Manager арқылы бақылауға болады. Смартфон өшірулі және сымсыз сигнал ауқымынан тыс болса, смартфонның соңғы орнын (ол қосулы кезде) білуге болады.
Құрылғы менеджерімен жұмыс істеу үшін Google есептік жазбаңызға кіріңіз. Мұны компьютерден немесе басқа смартфон арқылы мобильді құрылғыдан жасауға болады. Google Device Manager смартфонның орналасқан жерін Google картасында дереу көрсетеді. Сондай-ақ, Device Manager арқылы телефонды құлыптауға, оған қоңырау шалуға немесе жеке ақпаратты жоюға болады.
Смартфонның соңғы тіркелген орнын білу үшін google.com/settings/accounthistory бетін ашыңыз. Содан кейін "Барған жерлер" – "Тарихты басқару" түймесін түртіңіз. Бірақ бұл әдіс құрылғыны GPS арқылы емес, Wi-Fi және мобильді сигналдар арқылы бақылауды қамтиды. Сондықтан смартфонның орналасқан жері дәлме-дәл көрсетілмеуі мүмкін.
BlackBerry смартфондарын іздеу
BlackBerry құрылғылары, әдетте, арнайы бақылау қолданбаларын алдын ала орнатпайды. Сондықтан мұндай смартфон иелері үшінші тараптың қадағалау қызметтерінің біріне, мысалы, Berry Locator-ға жазылуы керек. Бұл қызмет ақылы. Десе де оның көмегімен жоғалған смартфонға мәтіндік хабарлама жібере аласыз және құрылғының орналасқан жерін біле аласыз.
IPhone-ды іздеу
IPhone смартфонына алдын ала AppStore дүкенінен Find My IPhone қолданбасын жүктеп, орнатып қойсаңыз, жоғалтып алған жағдайда рақатын көресіз. Бұл қолданба IPhone құрылғысының орнын асқан дәлдікпен анықтайды. Тек құрылғы қосулы және интернетке қосылған болуы керек.
ICLoud тіркелгіңізге (компьютерден немесе мобильді құрылғыдан) кіріп, "Менің IPhone телефонымды табу" түймесін басыңыз. Смартфонның орналасқан жері картада көрсетіледі, оның көмегімен қозғалысын бақылай аласыз.
"Менің IPhone-ды табу" функциясы IPhone-да арнайы дыбыстық сигналды қосуға (мұндай сигнал айналаңыздағы адамдарға смартфонның жоғалғанын немесе ұрланғанын ескертеді), IPhone-ға байланыс ақпараты бар мәтіндік хабарлама жіберуге немесе смартфоннан жеке ақпаратты жоюға мүмкіндік береді.
Windows жүйесінде жұмыс істейтін смартфон
Мұндай смартфондардың пайдаланушылары Windows 8.1 және одан кейінгі нұсқаларында жұмыс істейтін барлық құрылғыларда бар арнайы функцияны қолдана алады. Windows жүйесінде жұмыс істейтін барлық смартфондар мен планшеттердің тізімін көру үшін компьютерден немесе мобильді құрылғыдан Microsoft құрылғыларының бетін ашыңыз. Тізімнен өз гаджетіңізді тауып алыңыз. Әрі қарай құрылғының орналасқан жерін бақылау қызметін пайдаланыңыз. Осы қызметті пайдалану арқылы смартфонды қашықтан құлыптауға немесе одан жеке ақпаратты жоюға да болады.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Телефон камерасының көпшілік білмейтін құпиялары