Балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін қысқармерзімді "Балақайлар мектебі" бағдарламасы ұйымдастырылды.
фото: оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. Жазғы каникул кезінде бірінші сынып алдында балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін қысқармерзімді "Балақайлар мектебі" бағдарламасы ұйымдастырылды. Бұл бастама елімізде осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді, деп жазады sputnik.kz.
Бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сәйкес әзірленген және мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді.
"Жаз маусымының екі айында қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстары шамамен 25 мыңға жуық баланы қамтыды. Оқыту мерзімі бір айға есептелген. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді. Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді", – деді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Тамыз айында шамамен тағы да 5,3 мың топ құрып, 65,2 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Осылайша, биылғы жазда қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстарымен 90 мыңға жуық бала қамтылады.
Айта кетейік, "Балақайлар мектебі" бағдарламасын ұйымдастыру – осыған дейін балабақшаға бармаған балалар үшін мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.