Бұл мәселе Президенттің Тамыз конференциясындағы тапсырмасынан кейін қолға алынған.
Фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігі мектептегі білім беру мерзімін қайта қарастырып, 11 жылдық оқыту моделіне көшу мүмкіндігін зерттеп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл мәселе Президенттің Тамыз конференциясындағы тапсырмасынан кейін қолға алынған.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, басты мақсат – елдегі барлық балаға бірдей талап қойып, сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз 12 жылдық білім беру моделін қайта қарастырып жатырмыз. Соның ішінде барлық мектепке ортақ 11 жылдық білім беру жүйесіне көшу мүмкіндігі де зерттелуде", – деді министр.
Оның айтуынша, бұл тек оқу жылдарының санын қысқартумен шектелмейді.
"Балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық дамуы, оқу жүктемесі және білім мазмұны бірінші кезекте ескеріледі. Сонымен қатар технологиялардың дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және экономиканың жаңа талаптары назарға алынады", – деді Жұлдыз Сүлейменова
Министрліктің жоспарына сәйкес, білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары мен оқу жүктемесі кешенді түрде қайта қаралады.
"Жұмыс нәтижесінде әр баланың жасына сай сапалы білім алуына мүмкіндік беретін және еліміздегі білім беру талаптарын біріздендіретін нақты ұсыныстар әзірленеді", – деп қорытындылады министр.


