Әлеуметтік желіде ауруханада ем алған 17 жастағы ақтөбеліктің көмек сұрағаны туралы жазылды.
Фото: ІІМ
 ERNUR.KZ.   Қыз қазір анасымен бірге тұрады. Полиция бірқатар тексеруден соң процессуалдық шешім қабылдауға негіз жоқ деп тапқан, деп жазады inform.kz.
Әлеуметтік желіде ауруханада ем алған 17 жастағы ақтөбеліктің көмек сұрағаны туралы жазылды. Жасөспірім шағында сексуалдық зорлыққа ұшырап, ол күні бүгінге дейін жалғасып жатқанын жеткізіп, көмек сұраған. Жүктілікті үзіп, отадан кейін оңалу үшін дәрі ала алмағанын, сол үшін де көмекке мұқтаж екенін бейнебайланыс кезінде айтқан. Осы оқиғадан кейін полиция істің мән-жайын түсіндірді.
— Полиция аталған дерек бойынша тексеріс жүргізді. 2024 жылы медициналық тексеру кезінде кәмелетке толмаған қыздың жүкті екені анықталған. Анасы мен қызы құқық қорғау органдарына арыз беруден бас тартқан. Сонымен қатар осы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғамен полиция қызметкерлері сөйлесті. Анықталғандай жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас өзара келісіммен болған. Анасы мен қызының сөзіне сүйенсек, қыздың 12–13 жасында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат расталған жоқ. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде процессуалдық шешім қабылдауға негіз анықталмады, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, қазір қыз учаскелік дәрігердің бақылауында екенін айтты.
— 2024 жылы медициналық көмекке жүгініп, анасының келісімімен әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жүктілік үзілді, контрацепциямен қамтамасыз етілген. Бір жүктілік болған. Денсаулық жағдайына қатысты қалған мәліметтер ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 273-бабына сәйкес құпия саналады, — деп хабарлады.
Ақтөбе облыстық бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркеева отбасына барып, кездесті. Жанына учаскелік полиция қызметкерін, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның өкілдерін ертіп барды. Бұған дейін бұл отбасы көмек сұрамаған.
— Тұрмыс жағдайымен таныстым, қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Анықталғандай, анасы ата-ана құқығынан айырылмаған және шектелмеген. Жағдай — бақылауымда, — деді ол.
            
                        
                        
                    
