Шабулыға ұшыраған екі қыздың бірі 12, екіншісі 2 жаста.
Фото: nemolchikz_official Instagram парақшасынан алынды
ERNUR.KZ. Астанада ер адам екі рет кәмелетке толмаған қыздарға шабуыл жасаған, деп жазады stan.kz.
Бұған дейін ер адамның дүкеннен қайтып келе жатқан екі апалы-сіңліге шабуыл жасағаны хабарланды. Мәліметке сәйкес, шабулыға ұшыраған екі қыздың бірі 12, екіншісі 2 жаста.
"Екі қыз жақын маңдағы дүкенге барған. Қайтып келе жатқанда мас күйдегі адам алдынан шыққан. Ол үлкен қыздың қолынан ұстап, тиісе бастаған. Сосын мойнынан сүйіп, омырауынан ұстаған. Ер адам кіші қызды жерге құлатқан кезде үлкені қарсылық білдіріп, сіңлісін құшақтап, кіреберіске қарай жүгірген. Ал күдікті балағат сөздер айтып, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Алайда оны сол жерде үш ер адам соңынан қуып жүріп, ұстаған", – делінген жазбада.
Олар ер адамды полиция келгенше ұстап тұрған.
"Балалардың ата-анасы полицияға үш рет хабарласқан. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.
Желіде тараған ақпаратта қыздардың шабуыл кезінде алған жарақаттары түсірілген фото да жарияланды. 22 шілдеде ұсталған азаматқа қоғамдық орында балағат сөздер айтты деген айып тағылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды.
Ал қоғам белсенділері бұл адамның бұрында қыздарға шабуыл жасағанын айтады.
"Астанада қыздарға шабуыл жасаған ер адам, бір күн бұрын тағы екі қызға шабуыл жасаған. Оны Астана полициясы ұстап, жаңадан босатқан екен. Ол балаларға мысық көрсететінін айтып, оларды ойын алаңынан алып кеткен. Сосын ол ұсталып, кешке қайта бостандыққа шыққан. Ал түс ауа басқа балаларға шабуыл жасаған", – делінген шағымда.
Астана қалалық полиция департаменті бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жан-жақты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Іс аясында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Ер адам арнайы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық сараптау тексеру нәтижелері бойынша беріледі", – делінген хабарламада.