2029 жылға қарай елде шығарылатын бүкіл қорғасын іште өңделеді

0
98

Бүгінде еліміздегі мыс саласында ішкі өңдеу қарқынды дамып келеді.


2029 жылға қарай елде шығарылатын бүкіл қорғасын іште өңделеді

Фото: Qazindustry

ERNUR.KZ. 2021 жылы Қазақстанда шығарылатын мыстың 5,3 мың тоннасы іште өңделсе, былтыр бұл көрсеткіш 13,2 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылы өңдеуді арттырып, 16,2 мың тонна дайын өнім шығару жоспарланған. Қазір 16 кәсіпорын мыспен қамтамасыз етілуде. Мәселен, қуат трансформаторларын орауға арналған сымдар шығару көлемін жалпы өткен жылға қарағанда 31%-ға, мыс катанкасын және дөңгелек жалпақ прокат өндіру көлемін 29%-ға ұлғайту көзделген. Бұл жайлы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Төребек ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, қазір 460 мың тоннаға жуық мыс өндірілсе, 2029 жылға дейін соның 91 мың тоннасын іште күрделі өңдеуден өткізу жоспарда бар.
«Келесі металл – қорғасын. Қорғасын бойынша осы шараның негізінде өткен жылдың аяғында «Asma Industrial» деген өңдеу өнеркәсібін іске қосқан болатынбыз. Ол – Қазақстандағы аккумулятор батареясын шығаратын екінші зауыт. Бұл батареялар бұрынғыдай тек автокөліктерге ғана арналмаған, өнеркәсіптік батареялар болып табылады. Ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету шарасының негізінде қорғасынды іште өңдеу көлемін арттырдық. Қазіргі таңда біз 81-100 мың тонна қорғасын шығаратын болсақ, қорғасын көлемі 42 мың тоннаға дейін артатын болады. Жалпы, 50%-ға жуық қорғасын іште өңделеді», – деді спикер.

Нәтижесінде 2029 жылға қарай қорғасынды іште өңдеуді 100%-ға жеткізу көзделген.

Еліміздің мырыш саласында да өсім байқалады. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мырышты ішкі қайта өңдеу көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 55%-ға артып, 3,6 мың тоннаны құрады. Мырышты өңдеу нәтижесінде терезе-есік жабдықтарын шығару көлемін 606 тоннадан 840 тоннаға дейін жезден жасалған фурнитура шығаруды 119 тоннадан 920 тоннаға дейін, жол қоршауларын шығару көлемін 911 тоннадан 1 520 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.