"Адам басына түспей, түсінбейді": Лифтте балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің анасы ағынан жарылды

0
151

Баласы қазір ауруханада жатыр.


Фото: видео скриншот

ERNUR.KZ. Астанадағы лифтте 5 жасар балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің анасы баласының жағдайы туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz.

Анасының сөзінше, жасөспірім қазір стационарда жатыр.

"Жағдайы тұрақты. Жексенбі күні баламды көруге барған кезде ол медицина қызметкері оны соққыға жыққанын айтты. Басынан және кітаппен қолынан ұрған көрінеді. Ана ретінде бұл жағдайға бей-жай қарай алмадым. Қатты көзге көрініп тұратын белгілер болмады, қолы ісіңкіреп тұрды. Ол қабақ жағы, саусағы ауырып тұрғанын айтты. Балам жылап, маған шағымданды. Дұрыс сөйлесіп те үлгермедік, себебі кездесуге 15 минут қана беріледі", – деді ол.

Әйел осы жайттан кейін полицияға хабарласқан.

"Осындай жағдайларда негізінен арнайы топ келуі керек деп ойлаймын. Жергілікті учаскелік полицей келді. Менен, кезекші дәрігерден және балама қол көтерген қызметкерден жауап алды. Арыз алған соң, "бүгін демалыс, ертең келіңіздер" деді. Суретке, бейнежазбаға түсірген жоқ. Полицей ұлымнан түсініктеме де алғысы келмеді. Мен болмай сұрадым. Бірақ полицей "баладан не үшін сұраймын, диагнозы бар ғой" деді. Сөйтіп ол баламнан түсініктеме алды", - деді жасөспірімнің анасы.

Сөзінше, баласына медициналық сараптама төрт күн өткен соң ғана жасалған.

"Буллингке келсек, әр адам өз көзқарасына сәйкес топшылайды. Осындай мәселемен бетпе-бет келмегендердің, яғни осындай баласы, туысы болмағандар көбінесе түсіне бермейді. Ал мұндай балалары барлардың саны өсіп жатыр. Олар түсінеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегі пікірлерді оқи бермеймін, себебі уақытым жоқ", - деп атап өтті ол.

Жасөспірімнің анасының сөзінше, мемлекет тарапынан берілетін қолдау деңгейі жеткіліксіз.

"Мамандандырылған интернаттар жоқ. Осындай балалар көбінесе үйден оқытылады. Олардың да белгілі бір қызығушылықтары, хоббилері болуы керек. Әлеуметтенуі қажет. Бірақ бұл жағдай ойластырылмаған. Осындай балаларға арнайы мектептер ашылса, әлдеқайда оңай болар еді. Ата-аналардың көбі жұмыс істейді. Мен де жұмыс істеймін. Себебі тамақпен, киіммен қамтамасыз етуім керек, дәріге көп ақша кетеді. Көп мамандарға жүгінеміз. Шетелге шыққан жоқпыз, біраз Америкадан онлайн түрде ем алып жатырмыз, Ресей мен Украинадан дәрігерлер осы жаққа келеді. Диагнозы емдеуге келмейді деп айтылғанмен де, бір орында отырмай, барынша тырысып жатырмыз. Әр ата-ана баласында бақытты балалық шақ болғанын қалайды. Баланы жалғыз қалдыруға болмайтынын білемін. Ол ешқашан жалғыз қалған емес. Оның жанында отыратын анам бар. Ұлым өсе бастағаннан кейін, оған қарау қиындай түсті. Арнайы көмекші шақыратын болдым. Бұл қызметке ақы төлеуіме тура келеді", - деді ол.

Айтуынша, дәрі-дәрмекті елден ғана сатып алмайды, сонымен қатар шетелден де тапсырыс береді. Бар тапқанын баласына жұмсайтын көрінеді.

Әйел адам зардап шеккен баланың отбасымен хабарласуға тырысқанын айтты.

"Олар ол кезде ауруханада болғандықтан, сөйлесе алмадым. Баламның әрекеті үшін, осылай болғаны үшін жеке кешірім сұрағым келеді. Барлығымыз адамбыз. Осылай болғаны өкінішті. Туған-туыстарым, достарым, жұмыстағылар маған қолдау білдіріп отырады. Түсінетін адам ғана түсінеді. Адам басына түспей, түсінбейді", - деді ол.