Күдіктілер 2023 жылдың қаңтарында Шымкент қаласында басқа үш адаммен бірлесіп, жеке араздық негізінде танысын өлтіруді жоспарлаған.
ERNUR.KZ. Адам өлтіру, тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және заңсыз қару айналымы үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп жазады sputnik.kz.
Күдіктілер 2023 жылдың қаңтарында Шымкент қаласында басқа үш адаммен бірлесіп, жеке араздық негізінде танысын өлтіруді жоспарлаған.
Ойларын жүзеге асыру мақсатында күдіктілер тапанша, металл шыбықтар мен биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түнгі уақытта жәбірленушінің үйіне келген.
Жәбірленуші ауыр дене жарақаты салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Күдіктілердің екеуі дереу ұсталып, әртүрлі жазаларға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған. 2024 жылдың мамырында сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды.
Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.
Мұндай қылмыстарды жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.