Әйелді күйдіріп, азаптаған: Тараздағы жаға ұстатарлық оқиғаға қатысты ер адам ұсталды

0
238

​Әлеуметтік желіде тараған ауыр айыптаулардан кейін күдікті полицияға жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалды.


Әйелді күйдіріп, азаптаған: Тараздағы жаға ұстатарлық оқиғаға қатысты ер адам ұсталды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының орталығы Таразда әйелді азаптап, денесіне күйік салды деген ақпарат қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, оқиға 15 шілде күні болған, деп жазады baq.kz.

Жәбірленушінің айтуынша, ол күндіз қонаққа барған. Бір сәтте есінен танып қалып, кейін қатты ауырсынудан оянған. Оның сөзінше, өзін шақпақпен (зажигалка) күйдіріп, беті, қолы мен аяқтарына темекі өшірген. Салдарынан денесінде көптеген күйік жарақаты қалған.

Сондай-ақ әйел өзіне интимдік қатынастан бас тартқаны үшін ер адам басынан тепкенін, кейін соққыға жығып, қала сыртындағы батпақты жерге апарып тастағанын айтқан. Оның сөзінше, ол жалаңаяқ қашып құтылған.

Жәбірленуші 18 шілде күні әпкесімен бірге Тараз қалалық Полиция басқармасының №2 полиция бөліміне арызданған. Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметте полиция бөлімінде бірнеше сағат бойы жауап алынғаны және кейін оны негізгі күдіктінің жанына апарып, татуласуға көндіруге әрекет жасалғаны айтылған.

Осы оқиғаға қатысты Жамбыл облысы полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті.

Әзірге полиция әлеуметтік желіде тараған азаптау мен полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты барлық мәлімдемеге жеке-жеке түсініктеме берген жоқ. Тергеу нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады.