Ауылдағы мектепте күйеуімен бірге еңбек ететін келіншек директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарымен жақын қарым-қатынаста болған.
Әйелі көзіне шөп салған жігіт асылып қалды. Жарының мұндай қылығына намыстанған күйеуі өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Жамбыл облысы, Жуалы ауданында болған. Ауылдағы мектепте күйеуімен бірге еңбек ететін келіншек сол оқу ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарымен жақын қарым-қатынаста болған екен. Мұны бірінші болып дәл сол мектепте ұстаздық ететін енесі біліп қойған. Бірте-бірте бұл жағдай жайлы бүкіл ауыл естіген.
Есен Чувашов 2013 жылы үйленген. Ол ауылдағы мектепте электрик болып еңбек еткен екен. Жары да, анасы да сол оқу ошағында жұмыс істейді. Бүтін бір отбасын ойран қылған оқиға былтыр басталған.
"Сол мектептің ішінде болған іс. Мен сағат 11:30-12-де сабағым бітеді, қайтамын. Балам сағат бірде обедке кетеді. 1 мен 3 арасында оны кабинетіне шақырып, кабинетінде болып отырған тірлік. Сөйтсем бұл екеуінің жазып жүрген сообщениялардың бәрін үйдегі дәу компьютер бар еді, одан алып ноутбукке сақтап қойыпты ғой, өшіріп тасталмаған ғой", - дейді марқұмның анасы Меруерт Көпбаева.
Ұстаздар арасындағы қарым-қатынас жайлы белгілі болған соң бұл отбасының шаңырағы шайқалып, екі жас ажырасып кеткен. Алайда, алақандай ауылда тұрып, оның үстіне бір ұжымда еңбек еткен соң Есен әйелінің ерсі қылығын ұмыта алмаған. Осыдан бір ай бұрын ол күйіктен үйінің ауласында өсіп тұрған ағашқа асылып қалыпты.
"Адамымыздан айырылдық осындай тірліктің арқасында. Бұл білім ордасы емес, бұл мектеп жын-шайтан, жын-ойнақ болды. Артында екі ұрпағы қалды, қызы мен баласы", - дейді марқұмның ағасы Сәбит Чувашов.
Ал сөзге ілінген қос педагог болса әлі де мектепте еңбек етіп жүр екен. Олардың бұл әрекеттері ауылдастарының шымбайына қаты батып жүр. Жұрт олардың жұмыстан шығарылып, ауылдан кетуін талап етіп отыр. Ондай болмаған жағдайда жаңа оқу жылында балаларды мектепке жібермейміз дейді.
"Келінімен істеген адам кейін кім білсін ауылдың қыздарына да тиюі мүмкін. Мектептен кетсін десе кетсін мектептен, егер ұяты болса. Ақыр ағайыннан кетіп отыр, ауылдан да кетсін", - дейді ауыл тұрғыны Несіпкүл Қалқабаева.
Мектеп басшылығы болса ұстаздарды жұмыстан шығаруға заңды негіз жоқ дейді. Дегенмен, директордың орынбасары өз лауазымынын бас тартыпты. Алайда, қарапайым мұғалім болып жұмысын жалғастыра бермекші. Ол туралы арнайы жиналыста айтқан екен.
"Келіннің шешесі, Меруерт әпкей, оқу ісі жөніндегі орынбасары бәріміз бардық, зиялы қауым болды, бітімгершілікке шақырып едік, бітімгершілікке келмеді, кешірім болмады. Мен кетпеймін деді, математика пәнінің мұғалімі - келіні де мектептен кетпеймін, жұмыс істеймін деп отыр", - дейді Амангелді орта мектебінің директоры Айгүл Имашева.
Мектеп қабырғасында ерсі әрекетке барды деп айыпталып отырған педагогтармен тілдесу еш мүмкін болмаған. Екеуі де телефон қоңырауына жауап бермейді. Алайда, олармен араласып жүрген кей ауыл тұрғындары қос ұстаз да өздерін айыптымыз деп санамайтындықтарын айтқан.