Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы оқиғаға дейін шамамен екі апта бұрын басталған.
Фото: марқұмның туыстарынан алынды
ERNUR.KZ. Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті. Алғашқы отырыста прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін жариялап, сотқа тергеу материалдарын ұсынды, деп жазады inform.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы оқиғаға дейін шамамен екі апта бұрын басталған. Сол кезде Айзат Жұманова мен Айбар Жанболат арасында дау шығып, әйел эмоцияға беріліп, өзінің телефонын сындырған. Осы оқиғадан кейін олар бір-бірімен сөйлеспей жүрген.
Қайғылы оқиға болатын күні Айбар Жанболат алкогольдік мас күйінде үйге оралып, жұбайының біреумен телефон арқылы сөйлесіп отырғанын көрген. Прокурордың айтуынша, осы жағдайдан кейін ер адамда қызғаныштың негізінде әйелін өлтіру ниеті қалыптасқан.
Тергеу дерегінше, түнгі сағат 00:00 шамасында Айбар Жанболат Айзат Жұманованы Жетісу облысы Баласаз ауылындағы үйдің қақпасынан сыртқа шығарып, әйелдің денесінің әртүрлі бөлігіне қолымен және аяғымен бірнеше рет соққы жасаған. Жәбірленуші тоқтатуды сұрағанына қарамастан, айыпталушы өмірге маңызды органдарға соққы беруді жалғастырған. Әйел есінен танып қалған, алайда соққы беру әрекеті тоқтамағаны айтылады.
Ауыр жарақат алған Айзат Жұманованы күйеуі Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізген. Алайда ол реанимация бөлімінде көз жұмды.
Айбар Жанболатқа Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша «Кісі өлтіру» бабы тағылып отыр. Қылмыстық іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.


