Бұл үшін бюджеттен 40 миллион теңге де бөлінген.
ERNUR.KZ. Ақтау тұрғындары кешкілікте классикалық музыка тыңдай алады. Қала әкімдігі төтенше жағдай кезінде хабарлама берілетін дыбыс ұлғайтқыштарын халыққа әуезді әуен тыңдатуға пайдаланбақ. Бұл үшін бюджеттен 40 миллион теңге де бөлінген. Алайда қала басшылығының бастамасы халыққа ұнамай қалған, деп жазады Stan.kz.
Ақтау көшелерінде кешкі сағат 18:00-20:00 аралығында классикалық музыка қосылады. Бұл үшін қаладағы төтенше жағдайларды хабарлауға арналған дыбыс ұлғайтқыштары қолданылады. Халыққа ұсынылатын әуендер де әр түрлі. Чайковский, Вивальди, Моцарт секілді әлем классиктерінен бөлек Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей мен Маңғыстау күйлерін де тыңдауға болады. Қала әкімдігі бұл үшін 40 миллион теңге жұмсаған.
Күнделікті музыка қосу үшін 650 дыбыс күшейткіші қолданылады. Алайда тұрғындар музыка кесіренен қала тыныштығы бұзылды деп шағымданды.
Ал әкімдіктегілер музыканың тек мереке қарсаңында және мейрам күндері ғана қосылатынын айтады. Сондықтан әуеннен шаршаған тұрғындарға шыдаудан басқа амал жоқ. Дегенмен көшеге ән-күй қосу туралы ұсынысты халықтың өзі жасады дейді шенеуніктер.
"Тұрғындар арасында келіп айтқандары да болды. Барлығы қарсы деген пікірмен келісе алмаймын. Әрине, біз тұрғындарға қолайлы болу үшін музыканы 18:00-20:00 аралығында қосатын боламыз", - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.
Қаладағы дыбыс ұлғайтқыштар мереке күндері халықтың көңілін көтермек. Төтенше жағдай болғанда музыка бірден тоқтатылып, хабарлама беріледі. Ол үшін мамандар сақадай сай дейді.