Арнайы мамандар итті дәрімен уландырған.
ERNUR.KZ. Жануардың қиналысын Ақтау қаласының 13-інші шағын ауданының тұрғындары видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Хабар24.
Объективке уланған иттің өлім аузында жатып дірілдеген эпизоды енген. Куәгерлердің айтуынша, осының бәрі балалардың көзінше болыпты.
Оқиға 13-інші шағын аудандағы 24-үйде орын алған.
«Кеше кешке жабайы иттерді жоятын арнайы мамандар келіп итті дәрімен уландырды. Видеода иттің қиналғаны көрінеді. Өте қорқынышты көрініс. Иттің маңына балалар да жиналды. Бұл бала психикасын бұзады ғой. Олар мен хабарласпағанша, тіпті өлген иттің денесін де алып кетпеді. Жануарларға осылай жасауға бола ма? Неге оларды құрықтамайды? Ақтауда қаңғыбас иттерге арналған баспананы баяғыдан бері ашу керек еді. Қала бойынша иттерді жазалауды доғартқан абзал. Проблема туғызбау үшін қаңғыбас иттерді өлтірудің қажеті жоқ, оларды стерильдеу керек», – деп шағымданды 13-інші шағын аудан тұрғыны.
Ақтауда мұндай оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. 21 қазан күні қала тұрғыны 31-інші шағын ауданнан ес-түссіз жатқан иттің тамақ қаптамасының жанында жатқанын көріп қалған. Оның болжамы бойынша қалалықтар жануарды осылайша уландырған болуы керек.
Бұдан бұрын зооқорғаушылар Ақтау қалалық ветеринарлық станциясының көшелерге у тастап жануарларды уландырып жатқанын айтқан болатын. Осы әрекеттерден соң үйде асыралған таксаға да (иттің түрі) залал тиіп, ақыры өліммен тынды.