Ақтауда қонақтар қамыс арасында дәрет сыныдырып жүр

0
1 203

Көп адамдар осы айдалада бітіріп жатады шаруасын. Әжетхана жоқ, есесіне қалың өскен қамыс бар


Ақтауда қонақтар қамыс арасында дәрет сыныдырып жүр

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Біздің елде қоғамдық дәретханалар дауы ешқашан басылмайтын секілді. Мысалы, туристер үшін тартымды қала Ақтауда, Каспийдің жағасында орнатылған қоғамдық әжетхана аз, барының есігі тарс жабық. Қазір ақтаулықтар мен қала қонақтары намысты қойып, жағалаудағы қамысты жағалап жүр, деп жазады 24.kz.

Каспий жылдың қай мезгілінде де әдемі. Қазір қоңыз күз, бірақ теңіз сондай тартымды. Сондықтан жағалауда қала тұрғындары мен оның қонақтары көп жүреді. Бірақ біз әсіресе қала қонақтарына қажет кеңес айтқымыз келеді. Егер сіз осы жағалауды жаяу жүріп өткіңіз келсе, міндетті түрде үйден табиғи қажеттілігіңізді өтеп шығыңыз, яғни дәретханаға отырып шығыңыз. Себебі жағалауда дәретхана аз, ал барының есігі тарс жабық.

Көп адамдар осы айдалада бітіріп жатады шаруасын. Әжетхана жоқ, есесіне қалың өскен қамыс бар. Қысылып бара жатсаңыз, басқа амал жоқ. Соның біразына кәнігі балықшы Сергей Иванов куә. Ол осымен 20 жыл күнде таңертең Каспийге қармағын салады, содан қас қарайғанша тапжылмай отырады. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда халық көп, ал әжетхана жоқ.

"Мұнда келетін халық көп. Бәрі асықпай, демалуға келеді. Мен мұнда 20 жыл тұрсам да, шыны керек әжетхана көрмеппін. Қоғамдық әжетханалардың орнын мына қамыс атқарып тұр", - қала тұрғыны Сергей Иванов.

Жаяу жүргіншілерге арналған Каспий жағалауының ұзындығы 5 шақырымнан асады. Қанша қоғамдық дәретхана бар, болса жағдайы қандай, біздің түсірілім тобы санап шығуды жөн көрдік. Біріншісі жабық, екіншісі де, үшіншісінде де қара құлып тұр. Жағалаумен жылыстап жүріп, біз ақыры ашық тұрған әжетхана таптық.

Яхта клубындағы қоғамдық дәретхана ақылы – 50 теңге. Бірақ мұнда жаздың ортасынан бері су жоқ. Сондықтан тек кіші дәрет сындыруға ғана рұқсат. Қоғамдық дәретханада сумен бірге тазалық та жоқ. Жағалаудағы бұл жағдайды әкімдікке жеткіздік.

Олар да қоғамдық дәретханалар дауынан құтылуға асығып отыр. Қазір қоғамдық әжетханаларды толығымен жеке компаниялардың қолына беру процесі басталған.

"Біздің тараптан уже подписание договора, уже қол қойылып жатыр, 10 шақты күннің ішінде уже балансқа қабылданады. Әрі қарай тағы 10 күн кәсіпкерлік бөліміне берілетін болады, арықарай уже олардың сроктары. Конкурстық негізгде, порталға шығарылады, бірнеше адам қатысады", - қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Әнуар Төлеков.

Осылайша қоғамдық дәретханалар жұмыс істемесе де әкімдік деңгейінде үлкен бюрократиялық процеске айналып отыр. Конкурс жарияланады, кім өз қызметі үшін аз ақша ұсынса, қоғамдық дәретханалар сол компанияға беріледі. Олар кімдер және ең бастысы дәретханалар қашан ашылады? Әзірге белгісіз. Сондықтан ақтаулықтарға әлі ұзақ уақыт намысты былай қойып, қамысты қалқан етуге тура келетін секілді.